ХҚКО-да өрт шықты
Бүгін түс ауа Рудный қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында өрт шықты. Абырой болғанда ғимараттағы адамдардың барлығы дін аман.
Оқиға былай өрбіген: сағат 13.58-де өрт сөндіру қызметінің №1 арнайы жасағына ғимараттың күзетшісі Қ.Қуандықов есімді азамат қоңырау шалып, Космонавттар даңғылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан ғимараттың 4-қабатынан өрт шыққанын хабарлаған. 13.59-да құрамында 11 құтқарушысы бар арнайы жасақ 3 өрт сөндіру техникасымен оқиға орнына жедел жетіп, 14.25-те жалынды ауыздықтады.
Рудный қалалық ТЖБ бастығы азаматтық қорғаныс подполковнигі Марат Бекпаевтың айтуынша, 15-ақпан сағат 13.50-де Статистика басқармасы жалға алып отырған 404-кабинетте өрт шығып, «Арыстан» және «Aslan-2014» күзет фирмасының қызметкерлері құтқарушылар келемін дегенше өз күшімен өртті сөндіруге тырысқан.
Құтқарушылар оқиға орнынан 53 қызметкерді эвакуациялады. Ауданы 20 шаршы метрді құрайтын бөлменің барлық жиһаздары мен құжаттары түгелдей жанып кетті. Қазір уақытта өрттің нақты шығу себебін анықтап, ол бойынша кінәлыларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті арнайы зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ