Сауда орындарында өрт азаймай тұр
Былтырғы жылы облысымыздың 31 сауда нүктесі қызыл жалынға оралған екен. Тілсіз жауға басты себеп болғандар – сымның қысқа тұйықталуы және өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау. Бұл жөнінде облыстық ТЖД бастығының орынбасары В.Шиллер жергілікті кәсіпкерлермен өткен басқосуда айтты:
– Үстіміздегі жылдың басында Рудный қаласындағы гүл сататын дүңгіршек пен Арқалық қаласындағы «Шанс» дүкенінде өрт болды. Онда тұрмыстық техникалардың орнын ауыстыру кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылғаны анықталды.
Мамандар сауда нысандардың аумақтары неғұрлым үлкейген сайын қауіптілігі де соншалықты күшейе беретінін айтты. Олардың қатарына аумағы 1,5 мыңнан астам шаршы метрлік сауда ошақтары мен азықтанатын орындар, 200-ден артық адамдық спорт кешендері, 100-ден астам адамға арналған жатақханалар мен қонақ үйлер жатады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ