Оқырмандар лебізі
Газеттен ешқашан қол үзбеймін
Менің бар ғұмырым газетпен тығыз байланысты. Мектеп қа-бырғасында оқып жүргеннен бастап аудандық газеттерге түрлі мақалалар жазып тұратынмын.
Кейін облыстық газеттерге де түрлі проблемаларды көтерген мақалаларым жарияланып, ол оқырмандар тарапынан қызу қолдау тапқаны есімде. Алдағы уақытта да сүйікті басылымымнан қол үзбеймін. Ал, енді, облыстық "Қостанай таңы" газеті соңғы кездері өткір мәселелер көтеріп жүр. Алдағы уақытта да осы беттеріңізден таймай, талай кәделі дүниелерді газет бетіне жариялап тұрсаңыздар екен. Әсіресе, ел ішіндегі кеуделері алтын сандық қариялар жөнінде қалам тербеп, есімдері елге танылған кісілерге арнайы бір бұрыш арнасаңыздар жөн болар еді.
Тыныштық ӘБЖАМАЛОВ,
Торғай кентінің тұрғыны, зейнеткер
Жақсы жаңалықтар күтеміз
Әлбетте, мерзімді басылым мен электронды ақпарат құралдарының атқарар қызметі бір. Екеуі де халыққа қызмет етеді.
Жанұзақ аға осыған дейін облыстық теледидарда Бас редактор болып қызмет істеді. Сол уақытта біздің Арқалық қаласында қандай да бір жылт еткен жаңалықтар болса, лезде көрсеткізе қоятын.Бұл кісі облыстық "Қостанай таңы" газетіне басшы боп тағайындалғалы көптеген тың өзгерістер әкелді. Әрдайым жаңашыл істерге басшы болып жүргендеріңіз қуантады. Әлі де жақсы жаңалықтар күтеміз.Біз Сіздердің тұрақты оқырмандарыңызбыз. Барша журналистерге шығармашылық табыс тілеймін!
Айткүл БЕКЕНТАЙ,
"Арқа дидары" Арқалық қалалық телеарнасының директоры
"Қостанай таңы" – әр отбасының серігі
Біздің Құмкешу ауылында 112 отбасы тұрады. Солардың барлығы "Қостанай таңын" жаздырып алады. Біздің ауылға пошта аптасына екі рет келеді.
Соның өзінде біздер басылымды тағатсыздана күтеміз. Неге? Өйткені, ел ішіндегі, облыстағы соңғы жаңалықтарды осы "Қостанай таңы" газетінің беттерінен оқимыз. Басылым соңғы уақытта сүбелі мәселелер көтеруімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, газеттегі бірқатар айдарлар көп көңілінен шығып жүр ғой деп ойлаймын. Баршаларыңызға бақыт, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Дүйсенғали АЙТБАЕВ,
Құмкешу ауылының әкімі.