Мәуліт мерекесі аталып өтті
Рудный қаласының «Горняк» мәдениет сарайында Мәуліт мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарадаға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Қостанайдағы өкілі, Марал Ишан мешітінің бас имамы Бақытбек Тәжімбетов арнайы келіп, өз құттықтауын арнады.
– «Мәуліт» сөзін арабшадан аударғанда «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзат әлеміне үлгі болған ұлы ұстазымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күніне құрмет көрсету – ең жақсы амалдардың бірі. Сондықтан бүгінгі мерекенің тәуелсіз, тұрақты, бейбітшілік пен келісім орнаған елде өтіп жатқандығына шүкіршілік етіп, тек қана жақсы күндерде жолыға берейік, – деді ол.
Өз құттықтауынан кейін Бақытбек Нұрғабылұлы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы атынан қала әкімі Бақытжан Ғаязов пен Нұр мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлын «Алғыс хатпен» марапаттады. Одан әрі мерекеге арналып Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі мен өсиеттері насихатталды. Залдағы көрермендерге сүйікті пайғамбарымызға деген «Сағыныш хаты» оқылды. Кеште сондай-ақ көрермендер назарына қаламыздың бір топ жастары құрған «Тастанды» бала» көрінісін ұсынылды. Оқиға желісі бойынша 18 жыл бойы бала сүймеген ер азамат тағдырдан күдер үзіп, ішкілікке беріліп кетіп, бір күні арманы орындалады. Өзінің туған ата-анасы тастап кеткен нәрестені бауырына басу үшін жаман әдеттерден арылады. Актерлықты жоғары шеберлікпен орындаған жастардың қойылымы көрермен тарапынан қолдауға ие болып, залдағы жамағат көз жастарына ерік беріп, терең ойға шомды.
Қазір қоғамда қауіп-қатер мен ысырапқа толы көптеген пайдасыз мерекелердің қаптап кеткені белгілі. Оның бәрі салт-санамыздың, дініміз бен тіліміздің дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Ал Мәуліт мерекесіне барлығымыз біржақты қарап, жастарымыздың, жалпы, халқымыздың имандылығының артуына, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігіміздің нығаюына пайдалана білсек, «нұр үстіне нұр» болар еді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ