Көркем сөзбен көмкерілген кеш
Соңғы жылдары Сарыкөл ауданында әдеби байқаулар жиі ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, оған тілдерді оқыту орталығы қомақты үлесін қосып отыр. Осы жолы да «Мағжан оқуларын» өткізуге мұрындық болды.
Байқау барысында өңірдің әр ауылынан келген жиырмаға жуық жас өрен бағын сынады. Үміткерлер бірінші бөлімде Мағжанның өлеңдерін жатқа айтса, екінші кезеңде ақынға арнаған өз өлеңдерін мәнерлеп оқыды, ал үшінші сында ақын өлеңіне жазылған әрі халық әндерін әуелетті. Аталған сындардан сүрінбей өтіп, талантымен танылғандар қара қылды қақ жарған қазылардың әділ шешімен бағаланды. Соның нәтижесінде, бас жүлдені Сарыкөл орта мектебінің оқушысы Мәдина Валиева бағындырды. Бірінші орын Б.Өтетілеуов орта мектебінің оқушысы Әлтаир Сибамбаевқа бұйырса, екінші жүлдені Сарыкөл орта мектебінің оқушысы Карима Рекенова еншілеп, Соналы орта мектебінің мұғалімі Айзат Нұрмағанбетова үштікті місе тұтты. Ал, өзге ұлт өкілі, Урицк орта мектебінің оқушысы Виктория Пономарева болса, ұйымдастырушы тарапынан арнайы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ қалғандары белсенділіктері үшін марапатталды. Байқауға қатысушылардың бәріне бағалы сыйлықтар берілді.
Жалпы, көркем сөзбен көмкерілген кеш көңілді әрі әсерлі өтті.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.