Көрерменін тәнті еткен ерекше көрме
Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханада ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қаламызға белгілі суретші Георгий Михайлович Соковтың «Достар мұражайы» атты көрмесі өтті. Жыл сайын ұйымдастырылып тұратын көрмелерден бүгінгі көрменің ерекшелігі де бар. Себебі, ол ең алдымен қылқалам шеберінің 75 жылдығына орайластырылған. Көрменің «Достар мұражайы» деп аталуы да тегін емес. Қылқалам шебері мұнда достары мен курстастарының өзіне сыйға тартқан еңбектерін қойған. «Ұзақ жылдар сақтап келген бұл тамаша туындыларды көрмеге қоюымның да өз себептері бар. Әр суреттің өз тарихы бар. Ал осындай тарихи жұмысты жарыққа шығарған достарымның бірі жанымызда болса, бірі арамызда жоқ. Бұл еңбектер арамыздағы достық ықыластың жәдігерлері іспетті»- дейді Георгий Михайлович. Көрмеге 30-дан астам жұмыстар қойылып, оны тамашалауға суретшінің достары, жақындары және де шәкірттері келді.
Ақбота Сақұлова