Өңірге 300-ден астам дәрігер жетіспейді
Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен алқа жиналысында басқарма басшысы О.Бекмағамбетов мәлімдеді.
(сурет "Қостанай таңы" газетінің архивынан алынды)
Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында он бес мыңға жуық медицина мамандары, соның ішінде 1726 дәрігер жұмыс істеуде. Дегенмен, аталмыш саладағы кадр тапшылығы мәселесі толықтай шешімін таппай келеді. Мәселен, қазіргі таңда өңірге 334 дәрігер жетіспейді. Ал, өткен жылы келген 66 жас маманның 31-і ауылдық жерлерге жіберілген. Бүгінде жиырмадан астам ауылдық дәрігер тегін пәтермен қамтылса, ал қалада пәтер жалдап тұратын сегіз дәрігерге басқарма тарапынан пәтердің арендасына төленетін қаражат жағынан қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, өңірде дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесіне де айрықша ден қойылған. Өткен жылы 610 дәрігер білімін жетілдіру куәлігіне ие болса, перинаталдық көмек бойынша 28 дәрігер мен 35 орта буын медицина өкілдері израильдік мамандарынан дәріс алған. Дәрігерлердің қатарын толықтыру, олардың біліктілігін арттыру ісі биыл да жалғасатын болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА