“Қостанай таңы” – сенің газетің
Бүгін оның шыға бастағанына 92 жыл толды Облыстық газет осыншама уақыт бойы өз оқырманына қызмет етіп келеді. Газеттің алғашқы саны 1922 жылы 25 маусымда "Ауыл" деген атпен шықты.
Ол РКП(б) Қостанай губерниялық комитетінің органы болды. Басылымды ұйымдастырып, оның алғашқы нөмірінің жарық көруіне қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің қас шебері Бейімбет Майлин ерекше үлес қосты. Заманның ағымына қарай газет атауы да сан рет өзгерді. Ол бірде "Социалды ауыл" (1931-1936 ж.), бірде "Большевиктік жол" (1936-1953 ж.), бірде "Коммунизм жолы" (1953-1963 ж.), бірде "Коммунизм таңы" (1966-1991) атанды. Ал 1991 жылдан бастап бүгінгі "Қостанай таңы" деген атпен жарық көріп келеді. Бұл газеттің басынан не өтпеді! Енді бүгін өткенге үңіліп, болғанды бағамдасақ та, көкжиекке көз жүгіртіп, болашақты болжасақ та, тірелетін тобықтай түйініміз бен тоқтайтын туырлықтай жеріміз – газет пен халықтың тағдыры, газет пен заманның ағымы бір екен, бірегей екен, бөліп жаруға болмайды екен. Оны біз "Қостанай таңының" облыс аудандары мен қалаларындағы күндерін өткізу кезінде де айқын сезіндік. Халықтың "Қостанай таңына" деген ықылас-пейілі тым ерекше. Зал толы үлкен-кіші өздерін толғандырған мәселелерін, газет туралы ой-пікірлерін жайып салды. Журналистер үшін болашақта жүзеге асырар келелі істер қандай екенін де сол оқырмандарымыз айтты. Редакция ұжымы жанашырлық танытқан оқырмандарымызға шынайы ризашылық сезімін білдіре отырып, мұндай жүздесулердің екі жаққа да тиімді болғанын атап көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса бермек. Бүгіндер мерзімді баспасөзге жылдың екінші жартысына жазылу жүріп жатыр. Біз "Қостанай таңының" бүгінгі он бір мың шынайы жанашыр-жаздырып алушылары өз газетінен қол үзбейді және қатарға жаңа оқырмандар көптеп қосылады деп сенеміз. Жалпы облыстағы әр қазақ отбасы өз газетін жаздырып алса, әрбір ұйым мен мекеме облыс айнасынан қол үзіп қалмаса екен деп тілейміз. Тоқсан екі жыл тарихы бар басылым өз оқырманына қалтқысыз қызмет етуге әрқашан да дайын Сәлім МЕҢДІБАЙ