Отпен ойнама!
Рудный қаласы Железорудный стансасында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ.
Оқиға былай өрбіген: Привокзальная көшесіндегі №7 үй 23-пәтердің иесі, көп балалы ана 4 баласын сыртынан құлыптап, жұмыстарымен сыртқа шығып кеткен. Ал балалар болса, сіріңкемен ойнаймын деп диван мен креслоны тұтатып алған. Терезеден көк түтін шығып жатқанын көрген көршілеріне қонаққа келген жігіт ойланбастан балтамен есікті сындырып, ішіндегі төрт баланы аман-есен таза ауаға алып шыққан. Ал өртті болса, көршілері суды шелекпен тасып ауыздықтаған.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт-құтқару қызметі өрттің неден шыққанын анықтап, сәл болмағанда балаларға тұншығып қалу қаупі төнгендігін айтады.
Немқұрайлылық танытқан анаға ескерту жасалып, ерлік жасаған жігітке алғыс хат беріледі дейді құтқарушылар
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ