Ән әлемінің әміршісі атанған композитор Қ.Деріпсалдинге Қостанай ауданы лайықты құрмет көрсетті

Ел ішінде Қалибек Деріпсалдин есімін білмейтіндер кемде-кем. Киелі өнер әлеміне өзіндік үн мен нақыш ала келген белгілі  өнер қайраткерінің бар шеберлігі де осында жатса керек. Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, жүз елуден астам әннің авторы әр жылдары «Көктем қыздар», «Домбыра сазы-Ерке құсым», «Айлы түнде», «Торғай әуендері» сияқты бірқатар әндер жинағын жарыққа шығарды. Қалекең талантты композитор ғана емес, қасиетті домбыраның шанағынан муза маржандарын төгілткен дәулескер күйші.DSC_0936
Қостанай ауданының әкімдігі осындай үлкен өнер иесіне лайықты құрмет көрсетті. Өйткені, Қалибек Деріпсалдыұлы осы ауданда табаны күректей он бес жыл бойы қызмет етті. Аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына қомақты үлес қосты. Жергілікті мәдениет үйінің жанынан ұлт-аспаптар ансамблін құрып, қазақ өнерін көпшілікке кеңінен насихаттай білді. Міне, оның осы еңбегін бағалаған аудан басшылары Қалекеңнің 63 жасқа толуына орай, шығармашылық кешін ұйымдастырып, бір топ қостанайлық зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.
Тағылымды өнер кешінің шымылдығын ашқан аудан әкімі Тәуба Исабаев композиторға өзінің ақ жарма тілегін былайша жеткізді:
-Қостанай облысының ең басты құндылықтарының бірі-қайратты тұлғаларының болуы. Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі-алпыс үштің шыңына шығып отырған сізді, көпшілік мемлекетіміздің өнер қайраткері, саналы ғұмырын ел болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Сіздің сиқырлы сазыңыз бүгінде барша қазақ елін аялай тербеп келеді…
Аудан басшысы мерейтой иесіне сый-сияпат жасады.DSC_0934
Иә, Қалибек – үлкен есімді композитор. Оның әр жылдары жазған әндерін Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртістер Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, танымал эстрада жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, «Нұр-Мұқасан» тобы орындап жүр.
Композитор бұған дейін Алматы, Астана, Орал, Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Шымкент қалаларында шығармашылық кешін өткізді.
Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің ұлт-аспаптар ансамблі, танымал күйші Гауһар Мұхамбетова, «Айару»  вокалдық тобы, жас әнші Нұрахмет Махмұт автордың бірнеше әндерін шырқады. Кеште қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспанұлы, ақындар Нағашыбай Мұқатов, Әлфия Орманшина,  Қостанай ауданының құрметті азаматы Жомарт Жүргімбаевтар сөз алып, кеш иесіне өз тілектерін білдірді.IMG-20160113-WA0007
-Ән-зейнеткерлікке шықты дегенді өз басым еш жерден естіген жоқпын. Өнер мәңгі жасай береді. Оның ішінде Қалибектің ән өнеріндегі қадамы ел ішінде үлкен серпіліс туғызды,-деді ақын Нағышбай Мұқатов.
Ақынның бұлай айтуы заңды. Өнерде жүрген кісілерді  құрметті демалысқа шығарып салу сирек кездесетін құбылыс. Бірақ, Қостанай ауданы мұны жасады. Неге? Ұзақ жыл бойы ауданның өнерін көтеруге қызмет еткен Қалибек Деріпсалдин  аудан басшыларынан өзін жұмыстан босатуын сұрағанда, ұлттық өнерге ұдайы жаны ашып жүретін аудан әкімі композиторды арқасынан қағып шығарып салмай, осындай кеш ұйымдастыру қажеттігін айтқан көрінеді. Нағыз ұлтжанды азамат осындай болса керекті!IMG-20160113-WA0004
Кезінде Нұрғиса Тілендиев пен Әсет Бейсеуовтей дүлділ композиторлардан бата алып, өзі де ән әлемінің әміршісіне айналған Қалибек Деріпсалдиннің қаламынан әлі талай тың шығармалар туа беретініне сеніміміз кәміл.
Кешке қатысқан әдебиет пен өнер өкілдері аудан әкімі Тәуба Исабаевқа, аудандық мәдениет бөліміне, жергілікті «Алтын дән» медениет үйінің ұжымы және аудандық тілдерді оқыту бөліміне алғыстарын жаудырды.
                                                                                                                  Әлібек ЫБЫРАЙ
                         
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓