Жолың болсын, жас өркен!
«Жас мұраты – білім, тәлім,талабы. Өнер, оқу – жастың қару-жарағы» деп қазақ халқының дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров мына суреттегі бойында жастық шақтың жалыны жарқылдаған, келешекте өздерінің білімдерімен Қазақстанның нық тұғыры болар жастарға қарата айтқандай.
– Өзім әрі қуанып, әрі толқып тұрмын. Шәкірттерімнің барлығы өмірлеріндегі айтулы сынақтардың бірі – Ұлттық бі-рыңғай тестілеуден сүрінбей өткендігі, білім берген ұстаздарының да, тәрбие берген ата-аналарының да еңбегін ақтап, мәртебемізді жоғары көтерді деп айтсам, артық болмас. Үстіміздегі жылғы мектебімізді қырық тоғыз түлек бітіріп отыр. Мен 11«б» сынып оқушыларының сынып жетекшісімін. Сыныбымнан 5 оқушым «Алтын белгіге» ие болды, білімдерін дәлелдеп шықты. Олар: Қазбек Сәлімжан, Айзат Төкен, Абылайхан Ахан, Эльмира Сауытбаева, Ұлзада Сәлімжан. Осымен түлетіп отырған үшінші түлектерім. Бірнеше жыл бұрын осындай түлектер түлетіп едім, ол жылы да осынша оқушым «Алтын белгімен» бітірді. Қалай ғана мақтанбаймын, өйткені олар Ыбырай атамыздың шамшырақтары емес пе?! Ал, Жанар Қуанышбай деген оқушым Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық физика-математика бойынша өткен ғылыми жұмыста екінші орын жеңіп алғаны үшін ҰБТ-дан босатылды, білім гранты бар. Оқушыларымның бір тобы республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары. Барлығы да алғыр, сыпайы, өз істеріне жауапкершілікпен қарайды, қандай тапсырма берсең де ұқыптылықпен орындайды. Көңілің сондай марқайып қалады. Сол секілді айтайын дегенім, ҰБТ-де жиырма тоғыз оқушымыз бес пәннен «5» деген баға алды. Таңдаған пәндері де, физика, химия, биология, ағылшын тілі осал емес. Әсіресе, оқушылардың тестіге даярлануына Айгүл Төлегенова, Асыл Ершова, Шолпан Сейітхожина, Райхан Қамбарова сынды ұстаздар мен аппеляциялық комиссия кезінде көп еңбек сіңірген мектеп директорының оқу ісі және ғылым жөніндегі орынбасары Гүлмира Тасановаға, Құралай Жұмағұловаға алғысымыз шексіз, – деді бізге өз әңгімесінде алтын жұлдызды шәкірттердің ұстазы Жұмаш Бөлдекбаева.
Гүлназым САҒИТОВА
СУРЕТТЕ: ұстаз Жұмаш Бөлдекбаева өзінің шәкірттері Эльмира Сауытбаева, Абылай Ахан, Жанар Қуанышбаймен бірге. Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.