Абай Әмірханов атындағы диплом Халықаралық фестиваль жеңімпазына тапсырылады
Жастайынан өзінің өлмес өнерімен танылған Абай Әмірханов есімі мәдениет саласы қызметкерлеріне және оның талантын құрметтеген үлкен-кішіге жақсы таныс. Ол кезінде Қостанайдағы "Мирас" ансамбілін ұйымдастырып, ұлттық өнерді насихаттауға ерекше үлес қосты. Кейін Астана қаласына қызметке ауысып, осындағы "Сарыарқа" ансамбліне жетекшілік етті.
Абай ініміздің ерекше атап өтерлік бір ісі – түрік тілдес жастардың басын біріктіріп, "Орал мұңы" халықаралық фестиваль-конкурсын ұйымдастырушылардың бірі болған еді. Екі жылда бір рет Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында өтетін бұл өнер жарысына Қырғызстан, Түркіменстан, Қазақстан, Алтай республикасы, Шешенстан, Дағыстан, Хакасия, Тува, Татарстан, Башқұртстан және басқа елдерден ұлттық өнер майталмандары жиналып, думан қыздыратын. Абайдың "Мирасы" сол аламан бәйгеден жүлделі оралып еді-ау. Әттең, бәйгеге үкілеп қосып жүрген сол өнерлі азаматымыз өмірден ерте өтті. Бірақ оның күш-жігерімен құрылған "Орал мұңы" фестиваль-конкурсы жалғасып келеді. Оны сол Абай ініміздің талантты шәкірттерінің бірі Азамат Мұқатов лайықты жалғастырып жүр. 2012 жылғы бәйге қазақстандық жас талантты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған еді. Сол жылы конкурс жеңімпаздарын марапаттау үшін Абай Әмірханов атындағы диплом және ақшалай сыйлық тағайындалыпты. Оны Тува елінен келген өнерпаз жеңіп алған екен. Ал биыл мамыр айының аяғында өткен фестиваль-конкурста біздің Қостанай облысы мәдениет басқармасы тағайындаған Абай Әмірханов атындағы диплом мен ақшалай сыйлық Алтай республикасының өкіліне бұйырыпты. Оны жеңімпазға салтанатты жағдайда тапсырған Азамат Мұқатов алдағы уақытта да жақсы дәстүрдің жалғаса беретініне сенімді. Өйткені, 2016 жылы фес-тиваль жеңімпазына осындай диплом Қостанай облысы әкімінің атынан тапсырылмақ.
Сәлім МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕ: диплом тапсыру сәті.