«Түбіртек талап ет – сыйлық ұтып ал!»
Мемлекеттік кірістер департаментінің және «Атамекен» ҰҚП қолдауымен 1-сәуір мен 30-қараша аралығында тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейтін осындай арнайы шара өткізді. Ақтық сын күні кеше мәреге жетті. Республикалық сипат алған акцияға Қостанай облысынан да бірнеше тұрғын қатысқан-ды. Ережесі қарапайым. Әр сауда нүктесінен алған тауар үшін түбіртек талап етіп, оларды жоғалтпай жинау қажет. Саны көбейген соң оларды купонға алмастырып, ұтыс ойынына жолдау керек. Аса қиындық тудырмайтын, әрі-беріден соң тұтынушылық құқыққа «немкетті» қарамауға дағдыландыратын бұл шараға қомақты жүлделер қойылды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген небары үш облыстың қатарында Қостанай бар. Арайлым есімді Науырзым ауданының тұрғыны, 8-сынып оқушысы түбіртектің 2000 данасын жинаған. Ақырында онлайн тәртібінде өткен республикалық ұтыс ойынында 100 мың теңге жеңіп алды. Бір қызығы, ШҚО азаматы бар болғаны бір ғана түбіртекті ойнатып, күтпегеннен бас жүлдеге тігілген «Шевролет» маркалы автокөлікті тақымдап кетті.
Ұйымдастырушылар бұл шара былтырғыдан ауқымы кеңірек болғанын айтады. Кассалық түбіртектерді беруді қоғамдық бақылауға алу, сондай-ақ салықтөлеушілердің арасында салықтық мәдениеттің, сауаттылықтың деңгейін жоғарлату және кәсіпкерлерді өзара адал бәсекелестікке ынталандыру – акцияның көздеген мақсаттары осы.
Ж.Балғынбекұлы