Білім мен өнер ұштасып…
Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің театр студиясының оқушылары Жаңа жыл қарсаңында ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің "Жаңа жылдық əн" əңгімесінің желісі бойынша ағылшын тілінде көрсетілім қойды. Қойылым көрсетілетін залда Англияның XIX ғасырдағы кезеңі орын алды. Сахнадағы декорациялар, костюмдер, түсірілген жарықтар – мұның бəрі сол кезеңге толықтай үңілуге көмектесті.
– Əр адамның мейіріміне сенім қондыратын мейрамдардың бірі – Жаңа жыл. Əр халықтың жылға арналған əдеби шығармалары да бар. Қойылымның басты кейіпкері – Эбинейзер Скруджді ойнаған 10 сынып оқушысы Мұса Едігенов ертегілік кейіпкердің рөлін шеберлікпен орындады. Скрудж өте зұлым, ашкөз жəне сараң, бұрыннан сүю дегенді ұмытқан адам болған. Ол басқалардың Жаңа жыл мейрамы жақындағанда сезінетін қуанышын түсінбейтін. Мейрам қарсаңында жаңа жылдың сиқырлы күші – Жаңа жыл рухтары ақшаның билігінің астында қалған басты кейіпкер Скруджге өмірге басқа көзбен қарап, қатыгездік, мейірімсіздіктен құтылуға көмектеседі. Олар оның балалық шағын жəне өмірлік жолында кезіккен адамдарды есіне түсіруіне, жақсы адам болуына, басқа адамдармен араласуына жəне мұқтаж адамдарға жəрдем бере білуіне көмектесті.
Ал, бұл мейрам кейіпкеріміз үшін "бос уақыт өткізгендік" емес, жақсы нəрселерді жасау мүмкіндігі туған күн болды. Театрлық қойылымда көрініс алған проблемалардың астарында терең мағына бар. Сондықтан да көрермендерге үлкен әсер берді деп ойлаймыз,-деді мектептің баспасөз хатшысы Абылай Қасымов.
Көрсетілімге қатысқан оқушылардың актерлік шеберліктерін шыңдауға, өздеріне деген сенімдерін оятуға ағылшын тіліндегі үйірменің жетекшілері ағылшын тілі пəнінің мұғалімдері Әмір Ажмұхамбетов, Гүлнәр Хамзина жəне халықаралық оқытушы Nelia Truter көмектесті.
Театрлық қойылымның соңында мектеп директоры Д.Сапақов үйірменің барлық мүшелеріне алғысын білдіріп, іс-шараның оқушылардың классикалық шетелдік əдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал ететінін айтты.
Театрлық көрініс қызықты да, танымды өтті. Оқушы актерлер Чарльз Диккенстің əңгімесін көрермендерге айқын жəне əсерлі түрде жеткізе білді. Өздерінің шығармашылық таланттарын көрсетіп, көрермендердің қошеметіне ие болды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: театрлық көріністен көрініс