Біздің шырайлы шаһар
Алып шаһар Алматы қаласында екі жылдан бері оқып келемін. Дегенмен туған өлкем мен үшін қашан да ыстық. "Өз үйің – кең сарайдай боз үйің" деген рас екен.
Осы уақыт аралығында жасыл желекке оранған Алматыдан, Қостанайымыздың сәні мен сәулеті артық болмаса, кем түспейтініне көзім жетті. Күнделікті күйбең тірлікпен қала көркін байқамайтынымыз бар. Шаһарымыздың бірден-бір ерекшелігі – тазалығында. Қысқы және жазғы демалыстарда туған жеріме оралғанда, вокзалдан үйге жеткенше көшелердегі тап-тұйнақты тазалыққа қайран қаламын. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, тазалық жұмыстарын атқаратын қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар күнделікті көшелер мен ғимараттардың айналасын қоқыс-қалдықтардан тазалап, жиектастарды әктеп, сырлап жатады. Қостанайда жаның тыныштық табатын секілді. Автобусқа кондукторлар итеріп кіргізгеннен кейін, өз аялдамаңа жеткенше қисайып, қысылып – тұру біздің жаққа жат нәрсе. Елімізде кондукторсыз, онымен қоса екі қабатты автобустарда қызмет ететін жүргізушілер біздің Қостанайда ғана деп те естігенмін. Соңғы жылдары көркі көз тартатын сәулет туындылары да қалаға ерекше әсемдік беруде. Қазақтың нақышына келтіріп жасалған "Жастар" саябағы жанындағы "жүзік" , Карбышев көшесінде орын тепкен "торсық", орталық саябақ алаңындағы "ер тоқым" қазақ иісін аңғартады. Қала көркі мен тазалығы- мәдениеттің өлшемі. Мәдение-ті мен тамаша табиғаты тоғыс-қан қалалардың бірден-бірі Қостанай екеніне күмән жоқ. Сондықтан болар, туған жерімді қашанда сағынып, асығып келемін. Қаланың әр тұрғыны Қостанайдың қадірін білсе деймін.
Салтанат ҒИЗАТ,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 3-курс студенті.