Перзентханадағы қос қуаныш
Рудный перзентханасында үлкен қуаныш. Еліміздің төл мерекесі – Тәуелсіздік күнінде қос сәби дүние есігін ашты. Осыған орай, қуаныш иелеріне сәбидің туу туралы куәліктері перзентханадан шығысымен сыйға тартылды.
Әншейінде, құжат жинап, ұзын-сонар кезекте тұратын қос ата-ана үшін бүгінгі күн ерекше. Себебі, куәлікті оларға Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы келіп тапсырды.
-Барлықтарыңызды Тәуелсіздік мерекесімен және отбасының толығуымен шын жүректен құттықтаймын. Баланың алғашқы, әрі басты құжатын табыстай отырып, сіздердің отбасыларыңызға бақ-береке, табыс тілеймін. Балаларыңыз болашақта Қазақ елінің тәуелсіз, отансүйгіш азаматы болып өсе берсін, – дейді Рудный қалалық №1 Халыққа қызмет көрсету орталығының жетекшісі Елена Селянина.
Мереке күні шаңырағына шаттық қонған екі отбасының бірі – Серіковтар отбасы. Үйінің тұңғышы қыз болғандықтан отағасы Артур ұлды болуды көптен армандап келген. Осы арманы Тәуелсіздік күні орындалғанын жас жігіт жақсылыққа балап отыр.
-Мен ұлды болдым. Есімін қазақтың атақты ханы, әрі көшбасшысы Абылайдай болсын деген ниетпен Мансұр деп қойдық. Оның ер жеткенде атына лайық азамат болатындығына сенімдімін. Бастысы деніне саулық берсін, – деп ағынан жарылады Артур.Айта кетерлігі, жыл басынан бері орталық мамандары мыңнан астам сәбиге туу туралы куәліктер тапсырған. Ал аталмыш акцияның есте қаларлықтай өтуіне жүзден астам мемлекеттік мекеме өз үлесін қосыпты. Бұл күні жас отбасылар куәлікпен бірге тұрмысқа қажетті бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ