Баспана мәселесін бірлесіп шешеді
«Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Қостанай облысының әкімдігі 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік жалдамалы баспана бағыты бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасады. Аталған келісімге «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, inform.kz хабарлайды.
(сурет Alau.kz сайтынан алынды)
Аталған келісім аясында, әлеуметтік жалдамалы баспана бағдарламасына қатысушылардың тұрғын үй проблемасын шешу, баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сонымен бірге, бағдарлама аясында жобаларды жүзеге асыру ауқымындағы ынтымақтастықты арттыру көзделеді. Қол қойылған келісімге сәйкес, облыс әкімдігі құрылыс нысандарына инженерлік желілер, коммуникациялар тартуға міндеттеме алады, сонымен бірге, баспанаға қажетті жер учаскелерін бөліп, тұрғын үй кешендерінің аумағын көгалдандыру шараларын атқарады. Бұдан бөлек, жергілікті билік мұқтаж жұртшылыққа арендалық пәтерлерді үлестіруді қамтамасыз етеді.
Ал, «Бәйтерек» холдингі өз тарапынан әкімдік инженерлік желілер мен коммуникациялар тартып болғаннан кейін баспана жобасын қаржыландыруға көмектеседі. Бағдарлама аясында сапалы баспана құрылысына жәрдем береді, сонымен қатар, әкімдік белгілеп берген тізім бойынша бағдарламаға қатысушылардың төлем қабілеттілігін уақытылы бағалауды қамтамасыз етеді.
Айта кетерлігі, Қазақстанда арендалық баспананы жүзеге асыру бағдарламасы ағымдағы жылдың көктемінде қолға алынған болатын. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингі Қостанай облысы бойынша бағдарлама бойынша 4 тұрғын үй нысанын қолданысқа берді, онда жалпы аумағы 8,4 мың шаршы метрді құрайтын 126 пәтер орналасқан.
«Былтырғы жылы Елбасы қолжетімді баспана құрылысына қатысты қадамды қайта қарау туралы міндет жүктеген болатын. Осы арқылы азаматтарға арзан әрі сапалы баспана ұсынылуы қажет еді. Бұндай талаптың барлығы Үкімет қабылдаған бағдарлама аясында шешімін тауып отыр. Бүгінгі күні Қостанай облысында жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метрді құрайтын 91 пәтер, яғни 3 нысан қолданысқа берілді. Желтоқсанның соңына дейін тағы бір тұрғын үй нысанын қолданысқа беру жоспарланған», – деді Қ. Бишімбаев.