Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік
Жанкелдин ауданындағы Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. -Дүйім дүниеге тәуелсіздігіміз жария болды. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Ұрпақтарымызға ұлы елдің ұланы, азат елдің азаматы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Мәселен, қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың 20 жылдық мерекелеріне республика бойынша тереңірек мән беріліп, кең көлемде атап өтуіміздің өзі егемен елдігіміздің тұтқасының беріктігін білдіреді. Келер жылғы ұлт азаттық қозғалысының 100 жылдық мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен ұштасуының өзі тарихи оқиға. Осы айтулы күндерді мерекелеу бүгінгі күннен бастап, қолға алынып, жоспарлануда. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” атты Жолдауында біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Осы мерейлі мереке қарсаңында сізерге қуанышты хабар жеткізгелі отырмын. Бүгін облыс орталығында Президентіміздің мерекелік медалымен “Ерен еңбегі үшін” жеке кәсіпкер Болат Қосқолов және балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әділбек Молдағасымов “Шапағат” төс белгісімен марапатталып жатыр – деді сөз соңында аудан әкімі Асқарбек Ахметбекұлы.
Сонымен қатар облыс әкімінің грамотасын “көп жылғы адал еңбегі үшін” Торғай ауылы әкімінің орынбасары Мәлік Искаковқа, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Рая Ахатқызына, Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің хореография бөлімінің мұғалімі Жанат Әлімбаеваға, коммуналдық шаруашылық кәсіпорынның экскаваторшысы Жетпісбай Қалиевке салтанатты түрде табыс етті. Сондай – ақ, “ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін” аудан әкімінің грамотасымен Тәуіш ауылының кірапханашысы Дәметкен Баймолдина, коммуналдық шаруашылық кәсіпорынның жүргізушісі Нұрболат Салықов, Қ.Топаев орта мектебінің мұғалімі Дүйсен Кәдірханов, аталмыш мереке қарсаңында Таран ауданы әкімінің жүлдесіне арналған дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнирде бірінші, үшінші дәрежелі диплом иегерлері атанып, спорт шеберлігіне үміткер атағын орындаған Бейбарыс Нұрболат, Айбек Жайлау, Мәдина Сенбекқызы марапатталды.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Қонысбай Ражанов, “Алтын алқа” иегері Күлшира Оңғарбекқызы, аудандық кітапхана қызметкері Гүлбану Шәйменова мерекелік құттықтауларын жолдады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин аданы