Оқырманға жол тартты

Достық үйінде ақын-аудармашы Әбдірахман Досовтың «Сердцебиение» кітабының тұсауы кесілді. 200 таралымнан тұратын кітапқа Нұржан Наушабайұлы, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлиден бастап, қостанайлық ақындардың тәржімаланған бірқатар өлеңдері енген. Кітап белгілі әдебиет жанашыры, прозаик Әбутәліп Әмірдің «Қарлығаш» баспасынан шыққанын айта кетейік. «Сердцебиение» – автордың төртінші еңбегі. Осыған дейін «Метроном», «Гортанные мелодии степи», «Час Луны» сияқты жинақтары кітапхана сөрелерінен орын тепкен-ді. Басқосуда сөз сөйлеген танымал ақын Ақылбек Шаяхмет аудармашының шеберлігін жоғары бағалады.IMG_4411
– Жаңа кітаптың жарыққа шығуын сәбидің дүниеге келуімен салыстыруға болады. Сол секілді Әбдірахманның төл туындысы оқырманға, поэзия сүйер қауымға жол тартып отыр. Әбдірахман Досов орыстілді ақын болса да, ана тіліміздегі кез келген өлеңді кәсіби түрде аударып бере алады. Оның жергілікті қалам иелерін ғана емес, қазақ поэзиясының классиктерін де аударып жүргеніне қуанамын, – деді Ақылбек Қожаұлы.
Қостанайлық сатирик ақындар Бәкеш Айсин мен Абдолла Жанғабылов авторды туынды тұсаукесерімен құттықтай келіпті. Әзіл өлеңдер оқып, басты қонаққа шапан кигізді.IMG_4514
Айтпақшы, үстіміздегі жылы Әбдірахман Досов «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауының бас жүлдесін иеленген еді. «Поэзия. Қазақ тілінен орыс тіліне аудару» номинациясында А.Шаяхметтің «Ақсұлу» драмалық поэмасын аударды.
Әдебиетсүйер қауым үшін жақсы бір жаңалық, Нұржан Наушабайұлының назымдарын Әбдірахман Досов тұңғыш рет орыс тілінде сөйлетті. Аудармашының айтуынша, бұл арқылы басқа ұлт өкілдері де тақтақ ақын жырларының рухани, өнегелі жақтарын көре алады. IMG_4495
Кеш соңын Әбдірахман Досов өз өлеңдерімен түйіндеді. Алдағы уақытта тағы бір аудармалар жинағының жоспарда тұрғанын айтты.
– Қазақ тілін білмейтін жастарымыз жоқ емес. Мен өз аудармаларым арқылы қазақтың ділін, мәдениетін, ең болмаса, орысша оқып-түсінсін деп жазамын. Әр еңбегім оқырмандардың қажетіне жараса, өзімді бақыттымын деп есептеймін, – деді аудармашы.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓