Қоқысқа толы алаң
Қостанайдың КСК ауданы жағынан қалаға кіре берісі жолындағы көпірден (ел арасында «корей көпірі» атанып кеткен) аса бере, сол жағында орналасқан шағын алаңқай қоқысқа толып жатыр. Бұл жөнінде оқырмандарымыздың бірі автобуспен өтіп бара жатып байқап қалдым деп бізге хабарлады.
Қоқыстың көптігіне қарағанда, жүк машинасымен әкеліп аударып кеткенге ұқсайды. Онда негізінен қағаз көп. Бетінде жатқан университет, банк, газет, мәслихаттың құжаттары мен жеке үйлердің тұрмыстық қалдықтарын кездестіресіз.
Аталған жайтқа байланысты Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Самат Жанділдинге хабарласқанымызда, алаңқай аумағы Қостанай ауданына қарайды деді. Ал Қостанай аудандық ТКШ бөлімінің бас маманы Әнуарбек Қасымов бұл аумақ облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының құзырында екенін айтты. Облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек Жансейітов аумақтың басқармаға қарайтынын, алайда ол жерге қоқыстың төгілгенінен хабарсыз екенін жеткізді. Сол жердің тазалығына жауапты «ВАН» ЖШС-не тапсырма береміз деді.
Айтпақшы, осы жайтқа байланысты облыстық ІІД баспасөз қызметі жедел басқару орталығының көмегімен тексеру жүргізіп жатыр. Полиция мекемесі көпірге шығатын көліктер арасынан қоқыс артқан машинаны бейнебақылау камерасы арқылы анықтап көрмек.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ