Артық жүк – айыппұл
Жыл басынан бері Қостанай облысы аумағында артық жүк тиеп тасыған көлік жүргізушілеріне 50 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
фото: iru.org
"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалы мамандары көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен бірге тасымалдау ережелерінің бұзылу фактілерін анықтады. Жүк тиеудің рұқсат етілген нормаларынан асып кетуі жолдарды мерзімінен бұрын істен шығарып жатыр. Ауыр жүк машиналары жүргізушілерінің жауапсыздығына жолын бермеу үшін жиі рейд жүргізіліп тұрады. Бірақ бұл жұмыс әзірге тиісті нәтижесіз. Өйткені бірнеше ауыр жүк көлігі тексерілгеннен кейін рейд туралы ақпарат тарап, қалған машиналар жолға шықпай қояды.
"Өңірде көлік инспекциясының тек екі жылжымалы бекеті бар екенін атап өту қажет, бұл автомобиль жолдарының барлық бағыттарын қамтуға жетпейді. Ауыр жүк көлігінің көп қозғалысы кен орындары орналасқан бағыттарда байқалады", – деп атап өтті "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалы директоры Абылайхан Алшынбаев.
Айта кету керек, жыл басынан бері Қостанай облысының аумағында нормадан асатын жүк тасымалдаудың 600 фактісі тіркелген. Анықталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, соған сәйкес айыппұл көлемі 50 млн астам теңге болды.