Жақан Қосабайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды

Өткен жылы Торғай ауылының тұрғындарының ұсыныспікірлерін ескере отырып, ономастика комиссиясының қорытындысы бойынша Торғайды түлеткен тұлға  Жақан Қосабаевқа көше аты берілген болатын.
Міне, биыл осы көшеге аудан әкімінің бастамасымен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, қатты табанды тас жол төселіп, көше ажарына біршама сән кіріп қалды. “Мақсат” балалар ойын алаңы салынып, дәл жанынан ұзындығы 30 метр, ені 15 метр болатын “Шағын футбол” алаңы да бой көтерді. Бұл жұмыстарды сапалы етіп жасаған – аудан орталығындағы “Таңшолпан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал көшеге ұзына-бойы ағаш шардақтар орнатып, ақтау, сырлау жұмыстарын жүргізген – жеке кәсіпкер Ернұр Ахметов.IMG_1220
Жақан Қосабайұлының көшесін көркейту мақсатында аудан әкімдігі, аудандық мәслихат ұжымы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы мен жұмыспен қамту орталығы, “Малдәрігер – 2011” және ветеринария бөлімі, аудан ардагерлері мен Жақан ағамыздың замандастары  70 түп көшет ағаштарын отырғызып, жас ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетті.IMG_1205
Оның сыртында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, туған жері үшін жасампаздықтың өшпес ізін мәңгілікке қалдырған Жақан Қосабайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин ол кісінің өнегелі еңбек жолына тоқталып, ауданды көркейту үшін жасаған игілікті істерін маржандай жіпке тізіп, бүге-шігесіне дейін жеткізді. Сондай-ақ, арнайы Арқалық қаласындағы мүсінші Әбілбек Ұзақұлына тапсырыс беріп, барлық қаражатын көтерген еліміздің тумасы, Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметовке аудан тұрғындарының атынан алғысын білдірді.IMG_1949
Торғай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылқыбай Бәкіров, ауданымыздың құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, бұл бастама келешек ұрпақтың еншісіне тарих болып жазылатындығын дөп басып айтты. Ардақты ана Амандық Ғабдоллақызы аналық ақ тілегін жыр жолдарымен жалғады. Жақан ағамыздың інісі Бейбіт Мұқанов аудан әкімдігіне, ағасының замандастарына шексіз ризашылын арнап, Арқалық қаласының тұрғыны, ақын Болат Молдашевтің "Аманат" өлеңін оқып берді. Қосабаев Жақан ағамыздың жұбайы Раушан апамыз, ұлы  Шалқар ескерткіштің ашылу салтанатының куәсі болды. Артынша “Шаңырақ” шатханасында  ас беріп, Торғайды түлеткен тұлғаның рухына құран бағыштады. Дастархан  басына жиылған қауым Жақан Қосабайұлы жайлы естеліктерді бірінен соң бірі жалғап жатты.IMG_1972
Шалқар Жақанұлы: Торғай елінің өткен тарихының қай кезеңі болмасын бүгінгі ұрпақ үшін тағылымды. Туған жердің төсінде кіндік қаны тамған ерлеріміздің туған жерін түлетуге барлық күш-жігерін арнау ежелден қалыптасқан ата дәстүріміз болса, жерлестеріміз оларды үнемі еске алып, құрмет көрсетіп отырады. Менің әкем Жақан Қосабаев “мен істедім дегенше – ер істеді десеңші, ер істеді дегенше – ел істеді десеңші” деген бабаларымыздың дәстүрін өзіне өмірлік ұстаным етіп, қасиетті Торғай жерін түлету үшін аянбай еңбек етті. “Асылын ардақтаған ел азбас” дейді дана халқымыз. Туған елі үшін бар саналы ғұмырын сарп еткен әкемнің елі үшін жасаған еңбегін елеп, еске алып, құрмет тұтқан барлық жерлестеріме әулетіміздің атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Ерлерін ұмытпай ұлықтаған Торғай елінің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын!!!
  • Ж.Қосабаевтың көшесіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаралған қаржы көлемі – 17 млн теңге. Оның 5 млн теңгесі “Шағын футбол” алаңының жұмыстарына жұмсалса, “Мақсат” балалар ойын алаңының құрылыс жұмысына қаралған 5 млн. теңге толығымен игерілді. Сонымен қатар, 18 және 12 пәтерлі екі қабатты үйлердің алдына шағын балалар ойын алаңы салынды. Ал, 1 млн 100 мың теңге ағаш шардақтарды орнатуға және сырлау жұмыстарына жұмсалды. Қалған 5 млн. 900 мың теңге тас жолдарды төсеуге, көшет ағаштарына, көшені жарықтандыру жұмыстарына жұмсадық”, – дейді Торғай ауылының әкімі Ғабит Сүндетбаев.
 
                                                
                                                                     Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
                                                                           

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓