МҮШЕЛ ЖАС
Мұраттың қолында орамалға түйіліп, салафанмен қапталған бір бума ақша. Автовокзалға қарай жүреді де, тағы кері қайтады. Осылай басы айналып қанша жүргенін өзі де білмейді. Бүгін базар күні. Вокзал басына жолаушылар ертемен жиналып үлгерген екен. Басында ақ қалпағы бар кәрі шал бүкіл жұрттың назарын өзіне аударып әбігерлене айқайлап жүр.
– Уа, халайық, кімде-кім менің жоғалған ақшамды тауып берсе, сүйіншісін беремін. Бір биенің ақшасы еді, айналайындар тауып беріңдерші, – дейді. Көп ақшадан айырылып жаны қиналған шал қарлыққан даусымен бірнеше рет айқайлады. Вокзал шетіндегі ұзын орындыққа сұлқ отыра кетті. Мұрат қолындағы түйіншекті қойнына тығып біраз тұрды. Шалдың даусы естілген сайын вокзалға тақай түседі де, тағы үйге қарай кері жүріп тоқтайды.
Азанда алғаш табыс табуға шығып бара жатқан ұлына ауырып жатқан шешенің бар айтқаны:
– Балам, бүгін мүшел жасқа келдің, он үшке аяқ басқалы тұрсың. Жылдан асты, енді әкең тіріліп келмейді. Тапқан табысыңа үстіңді бүтінде, киім ал, – деген еді.
Мұраттың алғаш табыс табуға шыққандағы ойы автобазарға барып машиналарды жуу еді. Енді жол бойында тап болған ақшаға не істерін білмей басы қатты. Түйіншектегі көп ақша киім алуына да, шешесін емдетіп, дәрі алуына да жетеді. Әттең, кәрі шалдың ақшасын алып кете беруге дәті жетер емес.
Ұнжырғасы түсіп, мұңға батып отырған ақ қалпақты шалға қараған сайын оны аяп, ағаштардың арасымен жақындай түседі де, үйдегі ауру шешесін ойлап, қайта тоқтайды.
Не істерін білмей, әрлі-берлі көп жүрді. Әрі шалды аяғанмен, ауру шешесінің халі жанына батып барады.
Ақыры анасын ойлап, ұзақ арбасқан ойларды сілкіп тастап, үйге қарай жүгіре жөнелді. Тезірек анасы ауруынан жазылып кетсе екен. Көрші Еркіннің анасы сияқты базардан әртүрл шалға қараған сайын оны аяп, ағаштардың арасымен жақындай түседі де, үйдегі ауру шешесін ойлап, қайта тоқтайды.
Не істерін білмей, әрлі-берлі көп жүрді. Әрі шалды аяғанмен, ауру шешесінің халі жанына батып барады.
Ақыры анасын ойлап, ұзақ арбасқан ойларды сілкіп тастап, үйге қарай жүгіре жөнелді. Тезірек анасы ауруынан жазылып кетсе екен. Көрші Еркіннің анасы сияқты базардан әртүрлі тағамдар әкелсе, жақсы ас ішсе анасы ауырмас еді.
Ентіге басып өз көшесіне таяп қалды. Сәби жүрек үйге тақаған сайын: «Мама, мама, мен ақша әкелдім!» деп айқайлағандай алып ұшады. Алғашқы қуанышы, алғашқы табысын тезірек мамасына жеткізу.
Осылай тәтті қиялмен ентіге басып келе жатқанда кенет ескі үйдің алдына тоқтай қалды. Бұл үй бір жыл бойы өзі күтіп, өзі қолғабыс беріп жүрген Қапиза әженің үйі еді. Есік-терезе үңірейіп бос тұр. Кезінде сүйікті ұстазы Жанар апай оқу озаттары Сәуле екеуіне әжеге көмектесіп тұруды тапсырған болатын. Мектеп оқушыларының ауылдағы қарт кісілерге, мүгедектерге жәрдем беруі қашаннан келе жатқан дәстүр еді. Осы дәстүрмен Мұрат та, Сәуле де Қапиза әжеге үзбей көмек беріп тұратын. Енді қарт әже бұл күнде жоқ.
Егер әже тірі болғанда, әрине, олжасымен бөлісер еді. Мұны естіп Жанар апай да риза болмай ма? Бірақ Жанар апай «ақшаны қайдан алдың?» десе не дейді?
Сонда кәрі шалдың ақшасын алдым дей ме? Ол шал да Қапиза әже сияқты кәрі емес пе? Мұрат тағы ойланып қалды. Бір-бірімен таласқан ойлардың шырмауында қайта тұтқын болып, ескі үйдің алдында тағы тұрып қалды. Өз үйі бір аттам жер. Мамасы сағат санап күтіп отыр ғой. Не істеу керек? Шалды аяп сонау вокзалға қайта барғанымен ол кетіп қалса не істейді?
«Жо-жоқ, қалайда шалды тауып, ақшасын апарып беру керек». Ақыры тұйыққа тірелген ойлардың шырмауын бұлқына бұзып, вокзалға қарай жүгіре жөнелді.
Өзі де әбден қара тер болып шаршады. Қойнында ақша емес пәле жатқандай, тезірек иесіне беріп құтылмақ.
Шал баяғы орнында екен. Бала көтерген әйел мен екі-үш адам шалды мүсіркеп ақша беріп жатыр. Тағы да бала көтерген әйел баласын иіскетіп, батасын алып кетті. Мұрат бірден жетіп баруға батылы жетпей, ағаш арасынан бәрін көріп тұр. «Ата, мінеки ақшаң» деп барғанымен өзін ұры деп ұстап алатындай қорқады.
Не де болса шалдың оңаша шығуын күтуде. Шал біраз отырғаннан кейін төс қалтасынан сағатын алып қарады да, орнынан тұрып мешітке қарай бет алды. Сірә, намаздың уақыты болған болуы керек. Шал ұзай бергенде Мұрат: «Ата, ата, сіздің ақшаңыз табылды!» деп қолындағы түйіншекті шалдың қолына ұстата салды.
Тосыннан мұндай жайтты күтпеген шал қуанғаннан Мұратты бауырына басып: «Қарағым-ай, адамсың ба, періштесің бе?» деп басынан иіскей берді. Бірін-бірі сағынып табысқан жандардай ата мен бала қуаныш құшағында еді.
Мешіттен шыққаннан кейін Мұрат туған күнін ескеріп атаны үйіне әкеліп қонақ қылды. Алғашқы сапарында ата мен анасын қуанышқа бөлеген Мұрат бүгінгі мүшел жасқа толған күнін ең бақытты күнге жорыды.