Бүркіт Бекетов – “Өмірдің мәні – қанағат”

Сахна саңлағы Бүркіт ақын қаламын да өмірлік серік етіп келеді. Ол «көбік те болса көп болсын» деген жан емес, талғап, екшеп жазады. Сондықтан да, жырлары баспа бетін сирек көреді.
Бүгінде Амангелді ауданы, Жалдама ауылында шәкірт тәрбиелеп, қазақ сөз өнерін дәріптеп жүрген Бүркіт ақынның "Өмірдің мәні – қанағат" атты өлеңін қасиетті Рамазан айы қарсаңында назарларыңызға ұсынып отырмыз!
Өмірдің мәні – қанағат
Тәубамен өтсе әр күнің,
Мұраты сол ғой арлының.
Қанағаты да кісілік
Сіңірі шыққан жарлының –
Аяқсыз Алла қалдырмас
Өтініп айтқан зар-мұңын.
Қайырсыз болса, не пайда
Барынан байдың, малдының? –
Баянсыз болар жиғаны,
Көрсетсе ниет тарлығын.
Қиямет күні бірдейсің,
Өзекті пенде, барлығың!
Тылсымы терең тіршілік,
Адаммен бірдей гүл-шыбық.
Бөліп-жармай, бәріне
Төгеді нұрын Күн шығып.
Қанағат, тәубаң болмаса,
Өмірің өтер күрсініп.
Аса дәулет мас қылар,
Жүргендей буға тұншығып.
Пәниде мұңсыз болсаң да,
Боларсың қаңқа бір шірік.
Адалдық жолы – алдымен,
Аллаға деген құлшылық!
Ақындар айтар ой-бағдар,
Мәніне сөздің бойлаңдар.
Жалғанда мынау жүрген соң,
Қызығын көріп тойлаңдар.
Адамзат деген атыңның,
Бағасын бірақ жоймаңдар.
Халқыңның, елдің мүддесін
Құлқыннан төмен қоймаңдар.
Сол үшін жазған хадисін
Ғала*иссалам Пайғамбар.
Ашыла бермей араның,
Обал мен сауап ойлаңдар!