Жыр сүлейлері мерейімізді асырмақ

Биылғы Қазақ хандығының мерейлі тойы бірқатар дүбірлі шараларға толы. Соның бір көрінісі – еліміздің көп аймақтарында ақындар айтысы өтіп келеді. Баба өнерімізге сусап отырған Тобыл жұртшылығы үшін сүйінші хабар – алда Қостанай қаласында республикалық деңгейде аламан сөз жарысы өтпекші.

1c14018b9c4f9aa0ec57ff570334db4f_XL

«Тойдың боларынан боладысы қызық», осы шараның жай-жапсары, дайындық барысы жайында ұйымдастырушылардың бірі, жас кәсіпкер Азамат Жүсіповпен аз-кем әңгімелескен едік. Себебі, айтыс болады деген сөз ел арасында ғана тарағаны болмаса, ресми баспасөзде әлі хабарланған жоқ.
-Азамат, айтысты ұйымдастыруға бастама көтерген кім және бұл хабар неге күні бұрын тарамаған?
-Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихымызды тануға деген үлкен бетбұрыс. Қарап отырсақ, еліміздің өзге облыстарында аламан айтыстар өтіп жатыр, ал Қостанай үнсіз қалғандай көрінді. Осы жайында өңірдегі шығармашылық жолда жүрген замандастарыммен ақылдастым. Облыстық мәдениет басқармасына ұсыныс жасадым. Олар қолдады және қала билігі де қолдан келген көмегін аянып қалмаймыз деп отыр. Айтыс тақырыбын «Мәңгілік Ел – мұратым» деп алып отырмыз. Ақындар ұлтымыздың өткенін, Қостанай-Торғай жерінің тарихтағы орнын дәріптемек.

IMG_7579

-Айтыс қайда, қашан өтеді және оған қай ақындар шақырылды?
-Өтетін күнді 29 қараша – жексенбі күнге белгіледік. Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде болады. Сөз жарысына республикада топ жарып жүрген Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев, Рүстем Қайыртайұлы, Ержеңіс Әбдіұлы сынды от ауыз, орақ тілді ақындар мен облыс ымыздың мақтанышы Айбек Қалиев, Тоба Өтепбаев, Салтанат Өтелбаева, жаңадан көрініп келе жатқан жас дарын Батырлан Сағынтаевтар додаға түсетін болады. Суырылып шыққан ақындар ақтық сында өнер көрсетеді.
-Республикаға танымал тағы да кімдерді шақырдыңыздар?
-Айтпақшы, айтыс тізгінін белгілі ақын, жүргізуші Қалқаман Сарин қолға алмақшы. Басқа да өнер жұлдыздарын да шақырып жатырмыз. Айта кету керек, бұған дейін көрші қызғыз ағайындарға да сауын айтқанбыз. Олар әлі нақты жауабын берген жоқ, Алла қаласа қырғыз ақындарын да көріп қаламыз деген үміт бар. Онда айтыстың мәртебесі халықаралық болады.
Мұндай үлкен іс демеушілік жасап, қаржылай қолдау көрсетіп жүрген қалталы азаматтар да бар шығар?
 -«Көп түкірсе көл» деген ғой қазақ. Облыс әкімдігі, қала әкімдігі, мәдениет бөлімі рухани қолдау беріп, тілектестігін білдіріп отыр. Келген ақындар риза болсын деген ниет бар. Тағы бір айта кететін жайт, осы айтыс жекелеген азаматтардың бастамасымен өткелі тұрғандықтан, залға кіруді ақылы қылуға мәжбүр болып отырмыз. Студенттерге жеңілдік барын да айта кеткім келеді. Әр билет алған адамды Қостанайдың мәдениетіне үлес қосқан, ұлт өнерін ұлықтаған адам деп бағалаймыз. Айтыстан өзімізге пайда табайық деген ниет жоқ. Жүлде қоры да халықтың өзінен жиналған қаражатпен толығады. Әзірге баба өнерімізге жанашыр жандарды тартып жатырмыз. Демеушілер көбейсе,нұр үстіне нұр болар еді. Егер, белгілі бір ақынға жүлде тағайындайтын демеуші болса, сол сәтте көрермендер алдына шығып табыстауына болады. Осы орайда «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы ақпараттық қолдау білдіріп отыр. Ал осы мақаланы жарыққа шығарған баспасөздің қарашаңырағы «Қостанай таңы» газетіне де алғыс білдіреміз.
           
Р.s. Материал әзірленіп жатқанда, Азамат телефон арқылы хабарласып, қырғыз ақындарының келетінін айтты.
           
Сұхбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ    
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓