ЕҢБЕКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ “Еңбек Даңқы” кітабы Әулиекөл ауданынан Қарасуға жол тартты
80 жылға жуық тарихы бар Қостанай облысының айтары да, мақтанары да көп. Осы жылдар ішінде астықты өлке дамыды, жетілді, көркейді. Бірақ, тарих бір күнде құрылмайды. Оның ең басында туған өлкеге еңбегі сіңген азаматтар тұр. Ерен еңбегінің арқасында жерін, елін көтеруге атсалысқан қарапайым жұмыскер тұр. Олардың есімдерін елеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін де облысымызда “Еңбек даңқы” кітабының эстафетасы ауданнан-ауданға беріліп, игі іс жалғасын тауып келеді. Бүгін ол қасиетті Әулиекөл жерінен Қарасу ауданына табысталды.
Бүгінгідей алмағайып заманда біздер "еңбек адамы" деген ұғымды ұмытып бара жатқандаймыз. Ал, шындап қарайтын болсақ, нағыз марапат осы еңбеккерде болуы қажет. Елбасының өзі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді», – деген еді. Расында, көптеген жылдардан бері елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткені ешкімге құпия емес. Әулиекөл ауданында өткен салтанатты бас қосудың басты айтары «Адамды адам еткен – еңбек» болды.
Қасиетті мекен – Әулиекөл
Облыстың дәл ортасында орналасқан Әулиекөл ауданы – Қостанай өңірінің ең әсем жерлерінің бірі. Асыл тұқымды, етті, мүйізді ірі қара өсіруімен аты шыққан мекен тек табиғи байлығымен ғана емес, мақтануға тұрарлық жерлестерімен де даңқты. Бұл жерден Кеңес Одағының бір емес, бес батыры шыққан. Олар – Александр Матросовтың ерлігін кайталаған Сұлтан Баймағамбетов, Рейхстагқа шабуыл кезінде белсенділік танытқан Илья Сьянов, ержүрек жауынгерлер С.Нечипуренко, М.Нелюбов, М.Сальниковтар. Социалистік Еңбек Ерлері Қ.Тұрғымбаев, И.Стрижаченко, Н.Шкабарев, Г.Фадеев, Б.Қасқабасов, С.Бегайдаров, О.Қоғылбаев. Б. Мырзахметовтар да – әулиекөлдіктер.
Әулиекөл тұрғындары, белгілі қоғам қайраткері Е.Асанбаевты, академик Кенжеғали Сағадиевті, көрнекті ғалымдар, ғылым докторлары Сағындық Сатыбалдинді, Шайсұлтан Шаяхметовты, Құсайын Уәлиевті, халық ақыны Әсия Беркенованы және басқа да көптеген белгілі жерлестерін мақтан тұтады.
Еңбек ер атандырар
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы, облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Балбөпе Ертаева, халық ақыны Әсия Беркенова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әкімбек Қабденов, аудан әкімі Амантай Барғарин сөз сөйлеп, еңбек адамының орнын жоғары бағамдап берді. Олар осы ауданда еңбек еткен кісілерді бір сәт еске алып, жастарға үлгі ете білді. Бүгінгі шара жай ғана ауданнан-ауданға беріліп жатқан эстафета емес, оның орнының ерекше екендігін ескере кетті. Еңбегімен аты шыққан, даңқ, атақты тек маңдай термен еселеген азаматтардың есімдері еленіп жатқанына ризашылықтарын білдірді. Туған өлкеге бірі жыр жолдарын арнаса, бірі әнін сыйға тартып жатты.
Ән-бимен көмкерілген шара көңілді серпілтіп те тастады. Даңқ кітабы осылай мол қошеметпен Қарасу ауданына жол тартты. Аудан әкімі Амантай Балғарин мен ауыл ақсақалы Әкімбек Қабденов атамыз маңызды эстафетаны осылайша Қарасу жеріне табыстады.
Әулиекөл жерінде еңбек мерекесі думанды өтіп, өткенге тағзым етілді. Ақсақалдар Батырлар галлереясына барып, гүл шоқтарын қойды. Одан қалды “Жетістіктер шеруі” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кеш бойы аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, кішкентай бүлдіршіндер ардагерлерге гүл табыс етіп, қошеметтерін көрсетті.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА