Заң білмеу жарға жығады
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде өткен кезекті тәртіптік кеңесте ҚР Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментінің жетекшісі Н. Қуатовқа қатысты тәртіптік іс қаралды.
Департаментке энергетика министрлігінен атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментінің жетекшісінің ар-намыс Кодексі нормаларын сақтамағаны туралы материал түскен-ді. Анықталғандай, 2015 жылғы 8 қыркүйекте «КостанайСантехСервис»ЖШС директоры В.Кулыга энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне шағым білдіріп жүгінеді. Онда ол серіктестікке 2015 жылғы 26 тамызда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 4 бөлім 302 бабы бойынша(электр желісін бұзу) әкімшілік жазаға тарту жөніндегі заңсыз қаулы шығарылып, әкімшілік жазаға тартылғаны туралы айтады. Мән-жайға келер болсақ, тәртіптік кеңестің тәртіптік-әкімшілік практика және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің кеңесшісі А.Қартбаевтың айтуынша, 2015 жылғы 15 қыркүйекте «КостанайСантехСервис» серіктестігі Қостанай қаласының 8 шағын ауданындағы №15 үйде орналасқан дүкенге су құбырын тарту кезінде экскаватормен жерді қазу жұмыстарын жүргізгенде электр кабелін бүлдіреді.
Жоғарыдағы көрсетілген қаулының күшін жою қажеттігіне «КостанайСантехСервис»ЖШС директоры В. Кулыганың айтар уәжі, ол,-біріншіден, кабельдің үзілуіне себепкер-топографиялық түсірілімнің жоқтығы, екіншіден, әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуі. Сонымен қатар кабельдің иесі«ЭПК-Форфайт» серіктестігіне 98 мың теңге көлемінде толықтай келтірген залалды өтеді.
Комитет шағымды қарап, департамент жетекшісі Н.Қуатовтың шығарған әкімшілік жазаға тарту туралы қаулысының күшін жояды. Себебі, заңнама бойынша осы шараны тек екі ай көлемінде ғана қолдануға болады, департаменттің жетекшісі қаулыға 21 тамызда қол қояды, ол кезде мерзім уақыты өтіп кеткен-ді. Серіктестікке қатысты хаттама 2015 жылғы 21 тамызда толтырылады, құқық бұзушылық ағымдағы жылдың 15 маусымында болды.
Департамент жетекшісі Н. Қуатовтың айтуынша, бұзушылықты тексерулерінің салдарынан мерзім уақыты өтіп кеткен.
– Бұл жағдай осы лауазымды орында аз уақыт жұмыс істегенімнің ішінде орын алып отыр. Департамент әкімшілік істі әділет министрлігіне берді, сонда қаралды. Сондықтан да қарау тәртібінде қателіктер жіберілді, алдағы уақытта осы жағдай маған сабақ болады деп ойлаймын,-деді департамент жетекшісі.
Тәртіптік кеңестің мүшелері мәселені жан-жақты қарай келе, жеке тұлғаның құқығы мен заңдық мүддесінің бұзылғанын айта келіп, департамент жетекшісіне ескерту берілгендігін жеткізді. Сол секілді тәртіптік кеңестің мүшелері өкінішке орай, заңгерлеріміздің сауатсыздығынан, меншік нысанына қарамастан осындай жағдайлардың әлі де болса орын алатындығын да айтты.
Гүлназым САҒИТОВА