Отандық тауар үлесі арта түспек

Ел экономикасы дамуының ең негізгі тетіктерінің бірі – индустрияландыру.  Осыған орай, өңірде экономиканы әртараптандыру және жаңа технологияны өндіріске енгізу бағытында жарқын жобалар жүзеге асуда. Мемлекет қолдауымен және индустрияландыру картасы аясында ашылған кәсіпорындар қазіргі күні қызу қарқында жұмыс істеп, өндіріс ошақтары өнім өндіру ісін ілгерілетіп келеді. Оған біз БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында қанықтық.
Алдымен, «ЕвразКаспианСталь» зауытына ат басын бұрған топ кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Былтырғы жылы 92 мың тонна арматура шығарылған зауыт қазір өзін-өзі ақтап, межеден шығуға қауқарлы екенін көрсетті.

IMG_5361

Дегенмен, бүгінгі ғаламды шарпыған дағдарыс кәсіпорынға да салқынын тигізбей қоймапты. Бірақ соған қарамастан, жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
– Бізде қазір 230 адам еңбек етеді. Еңбекақылары да уақытында беріледі. Әзірге қызметшілерімізді қысқартпаймыз. Биыл өнімді төрт есеге ұлғайтпақ ниеттеміз. Бірінші тоқсанда сәтін салса, 80 мың тонна арматура шығарамыз деп отырмыз. Зауыт темір бұйымдарының да түр-түрін балқытуға қауқарлы. Біздің арматура құрылыс барысындағы материал шығынын 15 пайызға дейін үнемдейді,– деп зауыт басшысы  Сергей Сотников мәлімет берді.IMG_5405
Дәл осындай қарқында жұмыс істеп отырған  кәсіпорын – «Арасан» фирмасы. Алкогольсіз сусын шығарумен елге танымал болған фирма заман ағымынан қалмай, жаңа технологиямен  жабдықталып, өз жұмысын өркендетіп келеді. Өндіріс ошағында қазір 35 адам жұмыс істейді. Дені арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттырған мамандар.

IMG_5366

– Елбасы қолдауының арқасында ел-елде, жер-жерде осы сипаттағы бірнеше кәсіпорындар ашылып жатыр.  Біз «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын пайдаланып, төмендетілген пайызбен  2 млрд. теңге несие алдық. Ол қаражатқа заманауи құрылғылар алып, басқа да қажеттіліктерге жараттық. Сусындарымыз сатылымға шығып жатыр. Сұраныс бар,– деп «Арасан» ЖШС-нің директоры  Алексей Ефремов мән-жайды түсіндірді.
Баспасөз турының келіп жеткен кезекті кәсіпорыны – кеншілер қаласындағы «Лидер-2010» сүт өнімдерін дайындайтын зауыт. Ол өңірдегі жетекші өндіріс ошақтарының бірі де бірегейі. Жұмысын осыдан 10 жыл бұрын бастаған серіктестік сүт өнімінің 40 астам түрін шығарған. Ірімшік, қаймақ, сүзбе, айрандарына қашанда сұраныс зор.  Мәселен, «Таң» сусыны  тек Қазақстанда  ғана емес, Ресей  нарығын жаулап үлгерген. Өнімдері көрші елдің он шақты өңірінде саудаланады. Тауарларына тапсырыс көп түскендіктен, зауыт басшылығы өнім  көлемін  кеңейтуге бар. Кәсіпорын басшысы Владимир Ширяевтің айтуынша, күн сайын 20 тоннаға дейін сүт өндіруде. Қазір Ресейдің 30 қаласына өнімін экспорттап отыр. Келесі нысан – «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының да хал-ахуалы осы сипатта. Көп жылдық тарихы бар бұл кәсіпорын заманауи үрдіспен алға нық қадам басуда. Өз тұтынушыларын ең тәтті әрі сапалы өніммен қамтып келеді және 30% экспорттап отыр.

IMG_5413

Баспасөз туры барысында өңір экономикасының тыныс-тіршілігімен танысқан БАҚ өкілдеріне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк баяндама жасады.
– Бәріміз жақсы білеміз, өңірде индустрияландырудың 1-ші бесжылдығы міне, мәресіне жетті. Екінші бесжылдыққа белгіленген тапсырмаларды орындап келеміз. Алғашқы жартысында аймақ аумағында 77 кәсіпорын іске қосылған еді. Қазір олардың саны 80-ге жетіп отыр,– деді Сергей Карплюк алғашқы бесжылдықтың нәтижесін түсіндіріп.
Ең маңыздысы, қазіргі қиын-қыстау кезеңге қарамастан Қостанай көлеміндегі кәсіпорындар қол қусырып қарап отырған жоқ. Қайта бәсекеге қабілетті болу үшін инвестициялар тартып, өндіріс  көлемін арттыруда. Өз өнімдерін әлем бойынша танымал тауарға айналдыруда. Екінші бесжылдыққа да артар үміт көп.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суретте: БАҚ өкілдері «ЕвразКаспианСталь» ЖШС-де
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓