Комбинаттың болашағы бұлыңғыр
Былтырғы жылы ғана ашылған Үй құрылысы комбинаты «Костанай – МБИ» ЖШС қазір әлім-берім күй кешіп отыр. Мұны өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің арнайы іс сапары кезінде кәсіпорын басшысы Майль Троян жеткізді. «Индустриаландыру картасының» негізінде құрылып, артынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен қосыша қаржыландырылған кәсіпорын қазір шығынға белшесінен батып отыр. Әп дегеннен жұмыс жоспарын дұрыс ұйымдастырмай, қаржыны оңды-солды шашса қайпек?..
Құрылыс материалдарын шығарып қана қоймай, тұрғын үй кешенін тұрғызуға қауқарлы кәсіпорынның алғашында қарқыны қатты болғанымен, кейін кежегесі кейін тартты. Құны 4 млрд. 370 млн. теңге жұмсалған комбинаттың өндірістік қуаты жылына 70 мың шаршы метр тұрғын үйді қамтымақ. Бірақ қалай іске асырады, егер жағдайы мәз болмаса?!
Міне, осы бағытта әңгіме өрбіткен Майль Троян әлде де үкіметтен жәрдем күтпек. Мирошниченко көшесінде тәжірибе түрінде салынып жатқан тұрғын үйдің нарықтағы бағасын бірнеше есеге өсіргісі келеді. Бұл Архимед Бегежанұлына бірден ұнамай қалды.
– Егер сіздер бағаны шарықтатсаңыздар, әрине,шығынға батпай қайтесіздер?! Ешкімде өнімдеріңізді алмайды. Қазіргі нарықтағы тұрғын үйдің әр шаршы метріне 100 мың теңгеден келеді. Астана, Ақтөбе, Орал қалаларында дәл осыған ұқсас жобалар бар. Олармен байланысып, тәжірибе алмастыңыздар ма? Комбинатта бәрі жақсы, заманауи технологиямен жарақтанған. Бірақ стратегиялы жоспар жоқ,- деп сын айтқан өңір басшысы комбинатты не үшін тұрғызғанын, оның өз бағыты айқын еместігін ескертті.
Әрине, халыққа қолжетімді бағаға баспана керек. Өнімінің құны шарықтаса, оны кім сатып алмақ?! Мұны кәсіпорын жадынан шығарып алғанға ұқсайды. Әрі кетсе, комбинаттың енді екі айға жетер-жетпес жұмыс істейтін жағдайы қапты.
Келесі нысан – «ЕвразКаспианСталь» ЖШС-не барғанда өңір басшысы кәсіпорынның қазіргі қарқынына көңіл аударды. Заводтың негізгі бәсекелестері көршілес Ресейдің Челябинск қаласындағы «Мечел», Павлодардағы «Кастинг», Қарағандыдағы «АрселорМиталл» сияқты кәсіпорындар. Бірақ соған қарамай «ЕвразКаспианСталь» биылғы жылы біраз жетістікке жетіп отыр. Үстіміздегі жылы өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер.
Сондай-ақ, Архимед Бегежанұлы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-де де болып, машина құрастыру бойынша елімізде белді кәсіпорынға айналған нысанның тыныс-тіршілігімен де танысты.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.