ШЫРМАУЫҚ
…Есіктің қоңырауы шырылдап үй иесіне әлдекімдер келіп, ол басқа бөлмеге шығып кетті. Отырған екі-үш дос әңгімесі одан әрі қайта сабақталған. Әйтсе дағы үй иесі біраз уақыттан соң бір-ақ оралды. Манағыдай емес, жүзі сынықтау, көңіл-күйі бөлек. Оны қонақтарына сездіргісі келмеді. Ортақ әңгіме қайта жалғасты.
– Осы біздің қаракөз жігіттерімізге не болып барады өзі , ә? – деді, Сәрсен бізді көзімен шола қарап. – Шашы – шөтке, құлағында – сыр-ға, бұтында – жыртық джинси, онысы мықынына зорға ілініп, шибұтына жабысып қалған. Тыртиған көйлектері мен жейделеріне түй-реуіш түйреп жүретіндер шығыпты. Ертең осылар әскерде автомат ұстай алар ма екен, ә?
– Сырға дейсіз бе, көне заманда римдіктерде сырғаны – құлдар, гректерде – жезөкше еркектер тағыпты. Айтсаң мысалдар толып жатыр. Әйтеуір сәннің де, салтанаттың да жөні осы екен деп тарта береді, еріккендердің ермегі көбейді.
– Біздің үйде де бір "сұлтан" бар, айналдырғаны теледидар мен ғаламтор. Компьютерде ойын мен әлеуметтік желілерге жегіледі де отырады. Таңертеңнен кешке дейін келін, я біз жұмсай қалсақ, тұяғын әрең қимылдатады-ау, сабазың. Оның өзінде де қабағын тыржыңдатумен, істі аяғына дейін тындырғанша өзінің де, өзгенің де мазасын алып бітеді.
– Осы күні қара басын алып жүре алмайтын жігіттерге өкпем қара қазандай. Шетінен бірді екі, екіні үш ете алмайтын боскеуделер көбейді. Білім десе білімі, білек десе білегі, түр десе түрі бар. Сөзден де есе жібермейді. Айыбы – өз бетінше тірлік істеп, табыс табуға ерінеді. Дайынға еті үйренген. Ізденбейді, ұмытылмайды. Біреудің көмегіне, жәрдеміне мұқтаж.
Осы кезде әңгімеге құлақ түре үнсіз отырған үй иесі:
– Жаңа маған туған ағам келіп кетті. Ортаншы баласы былтыр университет бітірген. Қызметке де орналасқан. Бірақ, табысы мардымсыз. Айлығы шайлығына жетпейді. Соны әлгі мықты танысыңа айтып, майлы жерге орналастыр деп қолқа сала келіпті . Қолқа дегенім, жұмсартқаным ғой, мырзалар-ау, шындығы ақыреттік сөзін айтып кетті… Өйткені, бауырым жас қой, ысылып қызмет істей тұрсын дегендей болып едім, ағам шарт ете түсті. Менің мақұл демеске амалым қалмады. Қайтейін, "Жаман да болса ағамыз, жақсыны қайдан табамыз!"–деп, үй иесі бас бармағын қайта-қайта уқалай отырып қалды…
Сол күнгі әңгіме-дүкен біразға дейін көңілден кетпей жүрді… Кеше қызметте отырғанымда, сол үйде болған, сол әңгімеге қатыс-қан замандас телефон шалды:
– Ауылдағы артымнан ерген жалғыз бауырым хабарласты. Тұңғыш баласы істі болып, қамалыпты. "Адам тауып, қайтсең де құтқарып ал. Осы жасыма дейін сенен бір нәрсе де сұраған емеспін. Енді осы жалғыз тіле-гімді орында, ағасы", –дейді. Соған басым қатып отыр. Сен не дейсің, ә?–деп күмілжиді. Білемін: бұл кісі ғұмыр бойы табан ақы, маңдай терімен ұл-қызын өсірді-өнгізді. Ал балаларының қай-қайсысы да өздігінен өмірден орнын тапқан. Отағасы ешқашан шенеуніктің алдына барып, жалынып қызмет сұрамаған, кісіге кіріптар болмаған. Енді міне, туған бауыры қияндағы қиынға қиғылық салып отыр…
Таяуда белгілі ғалым әрі ұстаз Рахман Алшанов бір сұхбатында қазақ жігіттері хақында: "…Оқу оқыса да, қызметке тұрар болса да ағасына арқа сүйейді. Шырмауық сияқты. Шырмауық шырмап алған өсімдіктің жайқалып өскенін кім көрген? Сондықтан небір тамаша, алғыр ағаларды туған-туысы шырмауықша шырмап отыр. Біздің қазақ сол ағасының қасында, жеке-дара, мәуелі бәйтерекше жайқалуға ұмтылатын кезі баяғыда келген жоқ па? Туған-туысы шырмап алған қазақ қайдан байысын, қайдан бәсекеге қабілетті болсын?
АҚШ-қа барыңыз, тек қана қабілет, жаңа идея, жаңа күш есепке алынады. Әйтпесе, олардың да ағалары, көкелері бар. Бірде АҚШ-қа барсам, жас қызды көрдім. Жанында еңгезердей қарауылдары бар. Әлгі шынашақтай қыз Клинтон жүретін пойыз жолдың қауіпсіздігін басқаратын көрінеді. Өзі Хиларидің сіңілісі екен. Оларда да аға жағалаудың бір түрі бар болса, бар шығар. Бірақ біздегі жағдайдан айырмашылығы – шешуші орынға тек қана қабілетті, қолынан іс келетін тұлғаларды қызметке алады. Мұндай мәселеде ағайынгершілік алдыңғы қатарға ешқашан шықпайды"– депті…
Бұл бұл ма. Тағы бір шырмауық: бір атадан тарайтын адамдар бүгінде өзара бақталас, қарабайыр бәсеке. Сыйластық адыра қалды. Бес мың теңге қарызы үшін қайтып көрместей бет жыртысқан құрсақтастар, сүйем жер үшін пышақтасқан бауырларды естіген сайын шошуды қойдық… Сұмдық емес пе?!…
Бұл да шындық: бір шалдың балалары әрқайсысы өз бала-шағасы, жан бағысының қамымен жүріп, бірін-бірі танымай, бармай-келмей жатырқады, бірте-бірте жат болатын түрі бар… Мұның ақыры ше? Бәрібір туысыңнан түңілсең, таңың тыныш атпайды. "Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың".
Рас, ғұлама Мәшһүр Жүсіп: "Ер жігіттің басында он пәле бар, соның тоғызы ағайын мен қатыннан"– деуін десе де, халық сөзі:"Бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті".
Туыстық қаның тартқанда, шұрайы мен шырмауығын ажырата алсың ба?..
Қымбатты да қадірменді Жанұзақ аға! Сіздің әрбір мақалаңызды оқып шығамын. Жас ұрпаққа тәрбиенің, мәдениеттің,иманның дәнін себумен келесіз. Еңбегіңіз жемісті болғай! Сіздің шығармашылығыңыз биіктей берсін, оқырмандарыңыз көбейе берсін! Қаламыңыздың ұшынан тәрбиелік мәні бар алтын сөздер төгіле берсін,төгіле берсін!