Дүмбілездер дендеп барады

Осы биыл,  қаң-тардың алтысы күні түс кезінде қазақ радиосы "Қас қа-ғым" ойынын беріп жатты. Жүргізуші байланысқа шыққан тыңдарманнан: "Көксерек" киносындағы Құрмаштың рөлін сомдаған кісінің аты-жөнін айтуды сұрады. Сонда әлгі дап-дардай (даусынан аңғарсаңыз)  жігіт: "Шәкен Айманов" деп тұр!
Әйгілі Асанәлі Әшімов досы Райымбекті жерлеп, марқұм Әшірбек Сығай екеуі Кентаудан оралып келе жатады: "Пойызға мінерде Әшірбек: "Асеке, мына жерден қауын жейікші" деді. Қауын алып, сойып, жеп жатыр едік, бір кезде жанымызға келіп автобус тоқтай қалды. Мұғалімдері мені танып, балалар жүгіріп келіп, қоршап алды. Қолдарына түскен қағаздарына қолтаңба беріп жатырмын. Бала көп. Бітетін емес. Оның үстіне досымызды жерлеп, қажып, қиналып келе жатырмыз. Бір кезде айттым: "Балалар, мына отырған кісі атақты жазушы Мұхтар Әуезов. Сол ағаларыңнан да алмайсыңдар ма автографты?" деп. Енді балалар "Мұхтар Әуезовке" тұра жүгірді. Әшірбек мырс-мырс күліп бірдеңелерді жазып беріп жатыр. Бір баланың ойына күдік кірсейші, Әуезов қайда, мына заман қайда, ол кісі тірі болса жасы қаншаға келуге тиіс?! Бір кезде Әшірбек те шаршады ғой деймін, жанымызда бізді шығарып салып жүрген еңгезердей жігіт бар еді, соны көрсетіп: "Екеумізден ала бере-сіңдер ме? Тоқтар Әубәкіров ағаларыңнан да автограф алмайсыңдар ма?" деп еді, қалған балалар енді "Тоқтар Әубәкіровке" жүгірді… Кейіннен жаңағы балалардан сұраймын ғой, "Абай жолын" оқып па едіңдер деп. Араларынан романды оқыған бір бала шықпады. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің" – депті бір сұхбатында.
Қазақ теледидарында өзін-өзі жарнамалап,  бірнеше жылдар экраннан түспегесін  түр-түсі, аты танылып қалған, бар болғаны шала, ортаңқол әншілер "Қазақстан даусы" байқауында қазылық жасайтынын көресіз.. Өздерінің ойы мен бойына жараспайтын сөз сөйлеп, ақылдымсып, өздері сияқты көлденең көк аттыларды сынаған болып жанталасып отырғаны. Не дауыс, не мәнер, не қылық жоқ кілең  өндірдей қыз-жігіттерді маймылға  ұқсатып мың құбылтқанына мәз. Егер Қазақстан даусы осылар болса, онда дауыстың да дәурені өтіп бара жатқаны демеске амал жоқ. Мұндайдың тағы бір парасы Тұрсынбек Қабатовтың  "Қөңілашарында" бар. Тұрсынбек кейде көзге шұқығандай көрсетіп, айтып  аңғартса да, сол  талғамсыз, дарынсыздар аяғына оралып  экранға, сахнаға өлермендікпен  ұмтылады.
Бұрын зиялылар қалың ел, мұқым дүниені дүр еткізген  асқан талант иесін  "мұндайлар ғасырда бір-ақ рет  туады" дейтін.  Сол сөздің жаны бар. Қазіргі жаңа ғасырдың осы кезеңінде ондай талант-тар жоқ. Сондықтан оның орнын еліккер, сумақай-бейімгерлер, яғни өлермендер басуда.  Олар сахнаға, ел көзіне  жанталаса шығып, шапалақ сұрап өрекпиді, қошамет сұрап қиылады. Әлдекім жанын көзіне көрсетіп қинап жатқандай ышқынады,            бауыздалып жатқандай қырылдайды, ашқұрсақ күшіктей шәуілдейді.  Бұлар күндіз-түні теледидар бетін бермей өз өтірігіне алдымен өздері сеніп, одан соң өзгелерді сендіреді. Қолтаңба сұрап тұра жүгіретін дүбара ұрпаққа, тексіз тобырға  керегі сол. Құндылықты құлдыратар  осы соңғылар  көбеймесін деңіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓