ҮЗДІК ПОШТАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
9 қазан – халықаралық пошташылар күні. Осыған орай, кәсіби мерекелері қарсаңында «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының қызметкерлері қаладағы «Ариран» мейрамханасында бас қосып, үздік пошташылар «Алтын көгершін» сыйлығымен марапатталды.
Барлық аудан мен қалалардан келген пошта қызметкерлері мерекелік дастарханда бас қосты. Олар үшін ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылып, ән мен биден шашу шашылды. Сондай-ақ, кәсіби мейрамдары қарсаңында пошта қызметіне елеулі еңбек сіңірген азаматтарға «Алтын көгершін» сыйлығы табыс етілді. Марапат сегіз аталым бойынша берілді. Әр аталымда төрт үміткерден. «Ең үздік қала пошташысы» аталымы бойынша қостанайлық Людмила Вольфова жеңіп алса, Меңдіқара аудандық почта торабының қызметшісі Григорий Зайцев «Ең үздік ауыл пошташысы» атанды. Осындай-ақ, «Үздік сұрыптаушы», «Үздік байланыс операторы», «Үздік инкассатор», «Үздік фельдъегерь» сынды аталымдар да өз иелерін тапты. Бәріне мақтау қағазы, десте гүл және ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Марапаттау рәсімін жүргізу пошта саласына еңбегі сіңген ардагерлерге, құрметті пошташыларға берілді.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай