“Алтынсариннің” адымы алымды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қамысты ауданының «Алтынсарин» ЖШС-не іссапармен барды. Аталған серіктестіктегі бордақылау алаңында, астық тиеу нысанында және ретро-көліктер мұражайында болды.
Өңір басшысы бұл үш нысанға Ақтөбе облысынан келе жатқан сапарында соқты. Әуелгі ат шалдырған нүкте – малшаруашылық кешені. Бұл бордақылау алаңының иелігінде 2000 бас бар. Мал басын олар жергілікті тұрғындардан сатып алу арқылы көбейтіп отыр. Ішкі нарықты ет өнімімен қамтуды басшылыққа алған шаруашылық мемлекеттік бағдарламаның екінші деңгейі бойынша субсидия алып отыр.
Табынды көбейту арқылы субсидия көлемін ұлғайта түсуді көздейді. Осы мақсатта мал ұстау кешендері іргесі кеңейтіле түскен. Соңғы уақытта базалар саны бесеуге көбейді. Тағы біреуінің құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімінің етті, сүтті бағыттағы мал шаруашылығының ахуалы жайлы қойған сауалдарына жоба басшысы Б.Князев оңды жауап қайырды. Болашақта импорттық ІҚМ табынға қосу жоспардан тыс емес екенін де айтты.
Мұнан соң Б.Князев өңір басшысына астық тиеу нүктесінің жұмыс барысын таныстырды. Бұл темір жол тұйығындағы нысан бір күнде 15 астық тасығыш вагонды егін өніміне толтыратын қауқарға ие. Сыйымдылығы – 5 мың тонна жекеменшік бидай тасымалы тұйығы Алтынсарин-Хромтау теміржолы бойында тұр. Осы шойынжол арқылы тек астық қана емес, сондай-ақ көмір, жанар-жағармай материалдары тасымалданады. Орман, ауылшаруашылық техникаларын, қосалқы бөлшектерді қабылдап алатын бекет те осы. Бұған қоса, өзге де өңірлік кәсіпорындар мен ұйымдарға қызмет көрсетеді. Мәселен, аудандағы барлық мекемелерге қыстық отындар нақ осы нүкте арқылы жеткізіледі екен. Жұмыс барысындағы нысанның жай-күй, қыр-сырына қаныққан өңір басшысы жақсы бағалауын берді.
Алтынсариндіктердің ғана емес, Қамысты ауданы тұрғындарының мақтанышы – тарихи көліктер, ретро-машиналар, мотоцикл раритеттері жинақталған мұражай облыс әкімі аялдаған үшінші нысан болды. Көненің көзі іспетті машиналар қарашықтай сақтаулы ғана тұрған жоқ, бәрі де әлі күнге дейін оталады. Үш бөлмеге топтастырылған көліктерді А.Мұхамбетов ерекше таңданыспен тамашалады.
Ерекше көз тоқтатқан көлік – тұсында ғарышкерлерді Байқоңырға тасыған арайы автобус. Әкім ішіне кіріп көріп, әсерімен бөлісті.
Сонымен қатар, өңір басшысы бастаған қонақтарға энографиялық құнды дүниелер қойылған және ауданның өткен өмірінен сыр шертетін жәдігерге бай бөлмеге де кірді.
Астықты алқаптың жемісті жылдарынан көрініс беретін естелік суреттер мен деректер де сіресіп тұр. Жалпы, бұл мұражайға, мұражай болғалы, облысқа басшылық еткен тұлғалардың барлығы бас сұққан, әрі әрқайсысынан елеулі естеліктер қалған. Таяу келешекте де өңірдегі жаңа жетістіктер, жарқын істер мұражай қорын молайта түсеріне сенім мол.
Жандос Жүсіпбек