Анасы оның қайда екен?… немесе жетім өскен бір қыздың тағдыры туралы баян

Биылғы жылы газет бетінде 26 жылдан соң анасымен қауышқан Жаңагүл есімді қыз туралы жазған болатынбыз. Телефон арқылы ғана хабарласып, жай-күйін білген кейіпкерімізге міндетті түрде барамыз деп оқырманға сөз бердік. Сол уәдемізде тұрып, Аманкелдіге жол тарттық. Жаңагүлді тауып алып, кездесудің сәті түсті.
            Аманкелді шалғай ауылдардың бірі. Жол ұзақ, сапасы сын көтеретіндей жақсы емес. Өзім осы өңірдің қызы болсам да туған жерге ат ізін салмағалы біраз болған екен. Бүгінде аудан орталығы өзгерген. Халық өмір сүруге бейімделіп алған. Бірі-бірінен қалысар емес. Жағалай сауда үйлері, дүкендер, дәмхана және таксистер. Бәрі де қалауыңызды орындауға әзір. Тек ақысын төлесеңіз болғаны. Мен тіпті Аманкелді ауданын шағын Астана ма деп қалдым. Себебі мұнда да қым-қуыт тірлік. Бір бос жүрген жан жоқ. Жанталас. Әркім өзінше өмірге ұмтылып жатыр. Бірінен-бірі асып түсуге тырысады. Бәсеке. Ауыл адамы үшін бұл жақсы көрініс қой.

DSCN7135

            Біз іздеген кейіпкер ауданға қарасты Қарашатөбе ауылында тұрады. Бұл жерді ауыл деп айту қиынға соғар. Себебі мұнда бір-екілі үй ғана бар. Бұрындары тәп-тәуір бөлімше болған еді. Жаңагүлді іздеп таппақ болып, алдымен аудан орталығында тұратын қайын жұртына телефон шалдық. Жаңагүлге қайны болып келетін Айтан ағамыз: “Келіңіз, өзіңіз тілдесіңіз. Біз олардың өміріне араласа алмаймыз. Өзіңіз әңгімелесіңіз” деп қысқа қайырды. Келер күні Жаңагүлді іздеп осы үйге келдік.
            Аула іші толған көкөніс. Қарбыз, қауын, қызанақ дегендеріңіз үйіліп жатыр. Жаңагүлдің жұбайы Бекмағанбет пен қайнысы Айтан бірігіп бақша егеді. Еңбектерінің жемісін көріп отырған азаматтар. Күн ұзағына қыр басында жүріп, жиған-терген бар еңбектерін ауылға әкеліп сатады. Мұны отбасылық кәсіп деп те айтуға болады. Олардың жемістерін барлық аудан халқы мақтап отыр.
            Біз барған шақта Жаңагүл әлі келе қоймаған екен. Бізді Жаңагүлдің енесі Нағима апа құшақ жая қарсы алды. Бүгінде сексеннен асқан апамыз өмірдің талай қиындығын көрген қария. Қазір баласы Айтанның қолында. Көп балалы, Алтын алқалы ана. Біз келгеннен не шаруамен жүргенімізді біле қойып, “Жаңагүлім өмірдің теперішін көрген бала ғой. Қолыма келін болып түскеннен бері бар білгенімді үйреттім. Қазір шүкір екі балалары бар. Жап-жақсы отбасы болып кетті. Жас болған соң көп нәрсені білмейтін. Бірақ белмегенін байыппен үйреттім, іліп әкетеді ғой” деп әңгімелей кетті. Осы арада біздің күткен Жаңагүл де келді. Құшағында кішкентай қызы бар. Адам баласына тіке қарай алмайтын ұяңдық бар екен бойында.
            –Жаңагүл біз сізді іздеп, арнайы келдік, – деймін мен сөзге тартып. “Расымен мені іздеп келдіңіздер ме?” деп күлімсіреді. Біздің алғашқы көрісуіміз осылай басталды.
            Жаңагүлдің тағдыры оңай емес. Кішкентайынан анасы бас тартып, барлық балалығын балалар үйінде өткізді. Үкіметтің қарауында өскен әр жетім бала қоғамға шыққанда өзін ешкімге керек еместігін сезінеді. Осындай жағдайда Жаңагүл дос қыздарын сағалап жүріп Аманкелдіге келді. Шынын айтқанда барар жері де болмаған кездері болды. Бірақ өзінен әлдеқайда үлкен болса да отбасы бауырына басқан жақсы азаматпен басқосып, келін атанды. Ұл мен қызды дүниеге әкеліп ана да болды. Өстіп жүргенде ойламаған жерден туған анасын тауып, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, анасының кім екенін білді. Мұның бәрі де оңай жағдай емес. Бұл – тағдыр. Өмір болған соң небір жағдайлар бола береді.
            Өкініштісі арнайы іздеп келген Жаңагүлмен арамыздағы әңгімеміз ұзақ болмады. Ол 26 жылдан соң әзер тапқан анасын әлі бір рет те көрмепті. Анасы балам деп іздеп те келмеген екен. Осының бәрін айту ол үшін оңай болмады.
            –Сіздерге не айтарымды да білмеймін. Менің тағдырым оңай емес. Анамды таптым ғой. Ең өкініштісі мені іздеп келген емес. Мүмкін бір себептері бар болар… Бірақ анамның сіңілісімен хабарласып тұрамын, – деп көзіне жас алды. Онысын білдіргісі келмей төмен қарады. – Бірақ мен қазір өзім анамын. Ендігі өмірім осыларға арналады. Осылар мен көрмеген өмірді көріп өссе екен деймін. Өзім спортты жақсы көремін. Балаларым да спортшы болса екен деп армандаймын.
            Иә, бұл ана болудың не екенін білген жанның сөзі. Ол енді өз ұрпағының қамын ойлап отыр. Одан әрі отыруға дәті жетпеді ме, әлде іштегі алай-дүлей сезіміне ерік берді ме Жаңагүл орнынан тұрып шығып кетті. Біз оны тоқтата алмадық, ештеңе дей де алмадық.
            Бұл бір өзі қиын жағдай. Өте нәзік дүние. Алдыңдағы жанның жанын жаралап аламын ба деп алаңдайсың. Біреудің өміріне араласып, айдай дүниеге жар салудың жөні де жоқ деп ойларсыздар мүмкін. Бұл жерде мен Нағима апаның алдында басымды игім келеді. Өмірден теперіш көрген жап-жас баланы өзекке теппей бауырына басып, отбасы құрып кетуіне барын салған осы кісі. Шаңырақтың шайқалмауы енеге көп байланысты деп ойлаймын. Бақылап отырмын біз келгелі анамыз келіні жайында тек жақсы сөздер айтумен болды. Осындай аналардың арқасында отбасы берік болады.
            –Өзім де кішкентайымнан жетім өстім. Анадан да әкеден де ерте айрылған едім. Сондықтан Жаңагүлді түсінемін. Бекмағанбетім кеш үйленді. Алланың жазуы солай шығар. Біреуге кеш, біреуге ерте. Бірақ жарын аялай білетін азамат. Әр адамның тағдыры сан қилы. Өмір жолы бұралаңға толы. Бірақ ең бастысы қандай жағдай болмасын адами қасиеттен арылмау керек. Балаларым еңбек емген жандар. Қолына түскен жас келінді аялап, білмегенін үйрете білгенде ғана келін қызыңдай болады. Біреудің мәпелеп өсірген қызын түртпектейтін қаншама енелерді де көрдім. Мен осы әулеттің анасы ретінде балаларымның берекелі болғанын қалаймын. Жаңагүл қамығып жүрген шығар. Бірақ ендігі болашақ өзінің қолында. Ол енді жалғыз емес, арқа сүйер азаматы, туысқаны бар, – деп ақылымен бөлісті Нағима апа алдына алған немересін иіскеп.
            Бұл оқиғаның соңы немен өрбитінін білмедік. Жаңагүл анасымен қауышып, жастықпен қателікке жол берген жан қызын қайта тауып, қуанышқа бөленіп отырған болар деген үмітте болғанымызды жасыра алмаспыз. Бірақ өкінішке қарай олай болмады. Кімнің басында нендей жағдай болды оны да білмейміз. Сондықтан ешкімді сөгіп, төрелік те айтатын біз емес. Тек ендігі кезде ана деп құшақ жайған әр баланың үміті ақталса екен деп тілейміз. Қателікке бой алдырған жандар өмірдің берген мүмкіндігін пайдаланса дейсің. Кім білген Жаңагүл әлі де анасымен қауышар. Арада қанша жылдар өтсе де ол бәрін де анасына кешіруге дайын. Тек… Тек сол баяғы үміт. Ана іздеп келсе болғаны. Бала жүрегі бәріне дайын. Ананың ыстық құшағын өмірге келген әр бала сезінуге тиісті емес пе еді. Осындайда “Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған” деген өлең жолдары еріксіз ойыңа орала береді екен.
Аманкелді ауданы.
Суретте: Нағима апа немерсімен.      
 
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

1 Response

  1. ффффффф айтты:

    неге біреудің онсызда жаралы жанын жылатып қазбалай бересіздер мумкін сіздерге бұл аңгіме бірақ біреудің тағдырығой бұл

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓