Бірлескен жоба, тың қойылым
Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармониясында 26-27 қыркүйекте Дж.Б.Перголезидің “Служанка-Госпожа” атты комикалық операсының тұсаукесері өтеді. Бұл Қазақстан мен Ресейдің арасындағы бірлескен жоба. Және де облыстық мәдениет басқармасы мен новосібірлік өнер қайраткерлерінің бірігіп жүзеге асырған алғашқы жемісі болғалы тұр. Осыған орай облыстық қазақ театрында баспасөз мәслихаты болып өтті.
“Служанка-Госпожа” екі көріністен тұратын комикалық интермедия. Қойылым Перголези туындыларының ішіндегі опералық жауһары деп те аталып кеткен. Оқиға сұлулығымен тамсандырған қу әрі епті қызметші Серпиненің өз қожайыны аристократ Убертоның жүрегін жаулап алғаны туралы.
Музыкалық жетекшісі әрі қоюшы дирижері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Эхтибар Ахмедов, қоюшы-режиссері актер, педагог Сергей Александровский және қостанайлықтардың қатарынан режиссер – мәдениет қайраткері Александр Евсюков, қоюшы режиссері – облыстық орыс драма театрының бас суретшісі Құрманғазы Қаржанов. Басты рөлдерді бар болған үш актер сомдайды. Олар: облыстық филармонияның солистері Андрей Костров, Наталья Степанова және де қазақ театрының актері Олжас Бегайдаров. Қосымша Новосібір опера және балет театрының әртістерінің және облыстық фиармонияның камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.
Бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясы жылымен орайластырылған бастама. Бастама деп отырғанымыз келешекте бұдан өзге де туындылар Қостанай жерінде қойылуы бек мүмкін. Ал әзірге алғаш қолға алынған жоба көпшіліктің көңілінен шығады деген үмітте. Қазір кассада билеттер сатылымда. Бағасы мың теңге көлемінде. Екі күн қатарынан өтетін қойылымға келушілер көп келеді деген сенім күшті.
Қойылымда басты рөлдердің бірін сомдайтын Олжас Бегайдаров өзіме көп жаңалық аштым дейді. Ол мылқаудың образын көрсететін болған соң актерлік шеберлігіне сенуге тура келеді. Қимыл, іс-әрекет арқылы барынша кейіпкерді ашып, көрерменге жеткіземіндеген сенімде. Қойылым орыс тілінде. Десе де алдағы уақытта қазақ тіліндегі опералық шығармаларды Қостанай сахнасында қолға алу жоспарда бар екенін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероус тілге тиек ете кетті. Егер бұл іс қолға алынса “Дудар-ай” шығармасы болуы мүмкін. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге қостанайлық өнер сүйер қауым тың жобаның жемісін тамашалауына болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА