Жуванышовтар шаруашылығында “Алла” жазуы бар құлын өсіп келеді
Өмірде небір таңғажайып құбылыстар бола береді. Мұндайды көріп таңдай қақпасқа лажың жоқ. Редакцияға осындай құбылысқа тап болған Кенжетай деген кісі келді. Қолында кішкентай құлыншақтың суреті бар. Қызығы сол құлынның бір жақ мойнында “Алла” деген жазуы бар. Бұл – туа біткен таңба. Ап-анық, аппақ жазу. Кенжетай ағамыз бұл құлынның өзі асыл тұқымнан тараған дейді.
Редакцияға келген қонақтарымыз Жуванышов Кенжетай ағамыз бен жұбайы Ырыскүл апамыз Таран ауданының Набережный ауылынан. Көптен бері жылқы бағады. Бұрын жекенің малын бақса, қазір “Құлыншақ” атты жеке шаруашылықтары бар. Кілең жылқы малын өсіреді. Бірақ, мына құлыншақ – асыл тұқымды малдың төлі. Оның бұл отбасына келу жолы да бір әңгіме.
–Менің осы ауданда тұрып жатқаныма біраз жылдың көлемі болды. Мал бағамыз, өзіміздің де төрт түлігіміз бар. Бірақ солардың ішінде жылқы малын ерекше жақсы көремін. Ауылда жақсы сыйласқан Алексей деген жолдасым бар еді. Қазір біздің арамызда жоқ. Кілең асыл тұқымды жылқы ұстап, мәпелеп бағатын. Бірде досымнан “тез келіп жетсін” деген хабар алдым. Алып ұшып, досыма жеттім. Барсам, қысылып жатыр екен. Маған қолындағы бар асыл тұқымды жылқыны сатып алуымды аманат етті. Мен сөз бердім. Сонымен досымнан айрылып, аманатымды орындау үшін қолдағы бар малымды сатып, асыл тұқымды деген 7-8 бас жылқыны сатып алдым. Үш жылқының құнына бір бастан келді. Қазір содан бері 4 жылдан артық уақыт өтті. Мал басы көбейді. Ал мына құлын сол тұқымнан тараған, – дейді Кенжетай ағамыз.
Тағы бір қызығы, ерекше құлын ағамыздың дәл туған күні туыпты. 4 маусым күні төлдеген құлынның мойнында ақ белгі бар екенін бақыласа да, алғашында оған еш мән бермепті. Уақыт өте келе әлгі жолақ үлкейгенде арабша жазуға ұқсаған. Қожайын жазуды суретке түсіріп алып, ауылдың имамына, одан ауданның имамына апарып көрсеткен. Олар бір ауыздан: "Бұл – “Алла” деген сөз",- деп мақұлдапты.
Қазір құлыншақ шапқылап жүр. Түр-түсі де көз тартатындай екен. Қызғылт алтын сары түстес. Осы құлынның пайда болуымен бұл отбасында тағы бір қуанышты жағдай болыпты. Ортаншы ұлы Беріктің үш қызынан кейін көптен күткен ұлы дүниеге келіпті. Ата-анасы ырымдап балаға Ырысхан деп ат қойыпты. Немересі дүниеге келмес бұрын атасы түс көреді. “Түсімде немеремді қолыма алып жатыр екенмін, мойнында аппақ таңбасы бар екен деймін” дейді атасы ұлының арқасынан қағып. Сүйінші жаңалықты асыға күткен отбасында расымен де бір жақ мойнында ақ таңбасы бар Ырысхан дүниеге келді. Немересі туған соң ұзамай қасиетті құлыншақ та туған. Анасының сүтіне жарымаған Ырысхан саумалмен өсіп келеді. Осылайша, отбасындағы қос құлыншақ тел өсіп жатыр десе де болады. Мұның бәрі сейкестік пе, әлде жаратқанның бір белгісі ме? Не де болса, бұл – жақсылықтың нышаны. Мұндай жағдай күнде бола бермейтіні рас. Қазір қасиетті құлынды саудалаушылар көп. Тіптен 15 млн. ақша береміз дейтіндер де бар екен. Бұған әзірге ағамыз көнбей отыр. Ырысханымен бірге өсіп келе жатқан қасиетті құлыншақты қалай ғана қисын өзгенің қолына.
Тарандықтар Кенжетай ағайды жақсы біледі. Аңқылдаған, ақкөңіл кісі екен. Сол мінезінің арқасы шығар – сый-құрметке кенде емес. Бірақ Кенжетай ағамыз көп аурады. Аздап бойында көріпкелдік қасиетінің барын да сезеді. Десе де, бұл жолға түскен емес. "Бар байлығымыз – отбасымыз" деп білетін жұбайлар үш ұл, бір қыз тәрбиелеген. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, отбасылы болып кеткен. Кенжелері биыл оқуға түсіп, студент атаныпты. Жазда бие байлап қымыз сапырады. Болашақта шаруашылықтарын әрі қарай кеңейткілері де келеді. Бастысы бұл емес, маңыздысы – отбасының амандығы, ұрпақтың жалғасуы. "Әр балам нағыз азамат болып ер жетсе, одан артықтың да қажеті жоқ" деп ойлайтын ағамыз үшін мына құлыншақ Алланың берген бір сыйындай болып отыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА