60 отбасы қоныс тойын тойлады
Бүгін Ата Заңның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қостанай қаласындағы «Алтын Арман» тұрғын үй кешені орталығында жаңа баспана пайдалануға берілді. Бұл – әлеуетті құрылыс компаниясы «БК Строй» Тобыл өңірінде іргесін көтерген үшінші тұрғын үй. Салтанатты шара шымылдығын облыс әкімі Нұралы Садуақасов ашып, тұрғын үй кезегінде тұрған 20 отбасыға пәтер кілтін өз қолымен табыстады. Мұның сыртында тағы қырық адам басыбайлы баспанаға ие болды.Көптен пәтер кезегінде тұрып, ұзақ күттірген бақытты сәтке кенеліп отырғандар – жетім өскендер, әлеуметтік сала қызметкерлері , көпбалалы отбасылар, бюджеттік мекемелердің жұмысшылары және әскери
Қоныс тойын тойлауға пәтер иелерінің тілектес туған-туыстары келіпті. Дүние-мүліксіз бөлмелер мәз-майрам болған көпшіліктің көңілімен толып кеткендей. Бүлдіршіндердің де қуанышы қойнына сыймай жүр. Жанар Иманбаева есімді үр пәтердің егесі, сот жүйесінің қызметкері кілтін шатастырып алып, абыр-сабырдың арасында, алаңдаулы күйде тұр екен. Құттықтауымызды жолдап, суретке түсіріп, қобалжысын қуанышына жеңдіріп беріп кеттік.Жанар Лелекова басыбайлы баспаналы болу ғанибетін 5 жыл тосыпты. «Забота» дәріхана желісінің есепшісі, жалғызбасты ана алғаусыз арманының орындалғанына тәубе етіп отыр.
Есігі аңқайып ашық тұрған көрші пәтерге де шаттықты дауыстар естілгесін бас сұға кетуді жөн көрдік. Мұхит-Динара Төребаевтарды әріптес-достары ортаға алып құттықтау үстінде екен. Мұхит ұлттық гвардияның сарбазы екен. Көптен көксеген арманға қол жеткізген жас отбасы енді отау ішін бөбектердің былдырына толтырсақ дейді.
Мәре-сәре қонақ күтіп жатқан тағы бір қазақы отбасының қуанышына ортақтасып қайттық. Шаңырақтың астында, дастарқанның үстінде меймандар шат-шадыман жарасып жатыр екен. Бұл – ата-анасыз өскен Самат Байтасов есімді 21 жастағы азаматқа берілген пәтер. Ол – тәртіп сақшысы. Толқып жүр. Туған-туыстары шашбауын көтергелі түгел жиналыпты. Үй үлкендері «құлынымшылап» маңдайынан сүйіп, батасын беріп жатты.
Қош. Мұндай қуанышты Қазақстан ипотекалық компаниясы әлі де талай қостанайлыққа тарту етеді. Осы жылдың наурыз және шілде айларында облыс орталығында 31 пәтер өз иелерін тапқан. Жалпы, ағымдағы жылы 91 жаңа баспананың кілті үлестіріледі деп көзделген еді. Міне, бүгін сол жоспар жемісті жүзеге асты.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков