Азық-түлік бағасы өңірде қадағаланады
Қазақстанда инфляциялық таргеттеуге негізделген және ұлттық валютаның айырбас бағамын еркіндікке жіберуді қарастыратын жаңа ақша-несие саясаты енгізілген күннен кейін бүгін өңір басшысы Нұралы Садуақасов бизнес өкілдері, тауар өндіруші кәсіпорын және басқарма басшыларын жинап, шұғыл аппарат мәжілісін өткізді.
Мұнда Н.Садуақасов Елбасы Н.Назарбаевтың экономикалық саясаттағы шаралары жөніндегі жасаған баяндамасын алға тартып, азық-түлік өнімдерінің бағасын өңірде қалыпты жағдайда ұстауын қадағалауды қолға алу керектігін жеткізді.
– Қазіргі жағдайдағы доллар бағасының күрт көтерілуін біз дұрыс түсінуіміз керек. Бұл әлемде болып жатқан құбылыс. Құр байбалам салудың қажеті жоқ. АҚШ валютасының көтерілуі ел арасында дүрбелең тудырмауы керек.
Бұрынғы бағаны ұстап тұру әлдеқайда бізге зиян келтіретінін, зардабының қалай әсер ететінін білгеніміз жөн. Егер ұстап тұратындай жағдай болғанда бюджет біраз шығынға батары анық. Сол үшін кеше үкімет пен ұлттық банкпен бірлесе отырып мәлімдеме жасады.
Өңір экономикасының негізгі күші – тау-кен өндірісі болып саналады. Оның жағдайы соңғы жеті айдың көлемінде бірнеше есеге кеміп кетті. Яғни, 26 %-ға түсіп, 60 миллиардқа жуық қаржыдан құр қалдық деген сөз,- деп облыс басшысы шағын және орта бизнес өкілдеріне ендігі жерде артылар жүктің оларға ауыр болатынын, доллар бағасының өсуін сылтау етіп, азық-түлікті қымбаттатудың орынсыз екендігін айтты.
Сондай-ақ, мәжілісте өңірдің импорты мен экспорты мәселесі де талқыланып, көлемін арттыра түсуді де қарастыратынын жеткізді.
– Мына жағдайда (доллар бағасының көтерілуі) Елбасының үкіметке тапсырған мемлекеттік бағдарламаларының негізінде жасалған бірнеше жобалары көмектесуде. Сол жобалардың арқасында біз бірқатар жетістіктерге жеттік,- деп Н.Садуақасов кейбір тауар өндірудегі түсімі азайған кәсіпорындардың шығынын басқаларының жетістігімен жауып жатқандығын баяндады.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.