Таңсұлу үздіктер қатарында

Рудныйлық спортшы Таңсұлу Тілеуберген Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында дзюдодан өткен кадеттер арасындағы Азия Кубогынан жүлдемен оралды. Байрақты бәсегеке еліміздің намысын қорғау үшін 37 жас өрен қатысқан болатын. Олар 18 алтын, 2 күміс және 9 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.111
– Жарысқа Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия сияқты 13 елден келген 200-ге тарта спортшы қатысты. Мен 48 келі салмақ дәрежесінде татамиде үш кездесу өткіздім. Екі қарсыласымды тізе бүктіріп, біреуінен айламды асыра алмадым. Қанжығамды үшінші орынмен майладым. Бірақ бұл Азия Кубогы мен үшін нағыз тәжірибе алмасу алаңы болды. Осындай мүмкіндікті сыйлаған жаттықтырушым Бейбарыс Шеденовке айтар алғысым шексіз, – дейді жерлесіміз.
Таңсұлудың дзюдомен айналыса бастағанына небары екі жылдың жүзі болды. Дегенмен бір жылда спорт шеберлігіне үміткер атанып, ондаған республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарды.
Бүгінде Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, Рудныйлық дзюдо мектебінің абыройын асқақтатып жүрген нәзік жанды спортшымызға алдағы уақытта тек қана жеңістер тілейміз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓