Жер телімдерін заңсыз берген
Ауылшаруашылығы жерлерін заңсыз пайдалану және иелену фактілері азаймай отыр. Ұзынкөл ауданында 7 мың гектар жер телімі кәсіпкерге негізсіз берілгені анықталды. Жыл басында Ұзынкөл ауданының прокуратурасы аудандық жер қатынастары бөліміне жер туралы заңнаманың сақталуы бойынша тексерулер жүргізу кезінде әшкерелеген.
-2015 жылдың 9-қаңтарында Ұзынкөл ауданы әкімдігінің қаулысымен «А.Т.Байболова» шаруа қожалығына уақытша иелену құқығымен 48 жылға жалға алу талаптары бойынша Чапаев селолық округіне қарасты жалпы көлемі 7 мың гектар жер телімі берілген. Дәл сол күні аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысымен «А.Т.Байболова» шаруа қожалығының иесі келісімшартқа қол қояды. Сөйтіп ешқандай негізсіз берілген жер телімі біздің араласуымыздан кейін 1 маусымда мемлекет меншігіне қайтарылды. Заңсыз келісімшарттың күші жойылды. Ұзынкөл аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Р.Абдуғалиев тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Ұзынкөл ауданының прокуроры Ерлан Төлеубаев журналистермен өткен брифингте.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ