Жалған дипломмен жұмыс істеген
Ұзынкөл аудандық білім бөлімін тексеру кезінде аудандағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте Ұзынкөл ауданының прокуроры Ерлан Төлеубаев айтты. Прокурордың мәліметіне сай, бұл дерек аудандағы білім ошақтарының педагогтарының жоғары және арнаулы орта білімі туралы дипломдарының шынайылығына талдау жүргізу барысында белгілі болған. Нақтылай айтқанда, бір дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің жалған диплом пайдаланғаны анықталды. Дипломда жаттықтырушы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіргендігі көрсетілген. Жалған диплом бойынша педагогтік қызметін 2013 жылдан бастаған. Содан соң, прокурорлық тексеру басталған кезден бастап жұмыстан кету туралы өтініш жазған. «Бұл факті бойынша жаттықтырушының әрекетінде Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 3-бөлігінде белгіленген қылмыстық іс-әрекеттерінің құрамы байқалғандықтан, мәлімет аудандық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдарын жүргізу үшін Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөліміне жолданды», деді аудан прокуроры Ерлан Төлеубаев.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ