Екі ай ішінде 255 келі есірткі тәркіленген
Облыста маусым айынан бастып жүргізілген «Көкнәр-2015» операциясы барысында 255 келіден астам әртүрлі есірткілік заттар тәркіленді. Бұл жайында ІІД баспасөз қызметінің брифингінде мәлім етілді.
«Көкнәр-2015» жедел алдын алу шарасы елімізде 31-қазанға дейін жалғаспақ. Бұл полицейлік шараның негізгі мақсаты – Шу алқабынан облыс аумағына астыртын есірткі тасымалдайтын арналарды әшкерелеп, тосқауыл қою.
Аталмыш шара басталғалы бері 80 есірткі қылмысы ашылды. Оның 43 дерегі сауда-саттыққа қатысты болса, нашаны заңсыз сақтағандары үшін жауапқа тартылғандар саны 16-ны құрады. Сондай-ақ, 13 контрабандалық әрекеттің ізі кесілді. 6 азамат көкнәр еккені үшін, енді бірі ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін тұтылған.
Көлеңкелі айналымда жүрген 255 келі 842 гр.әртүрлі есірткілік зат тәркіленді. Нақтылай түскенде, нашаның 707,036 грамы – героин, 143келі 036 грамы – марихуана, 111келі 980 грамы – конопля және 112,405 грамы – гашиш.
Қылмыстың басым бөлігінің Қостанай, Рудный қалалары мен Қарабалық пен Қостанай аудандарында жасалғаны анықталып отыр.
Жандос Жүсіпбек