13 млн теңге – түбіркүлезге шалдыққандарға
Облыста түбіркүлезбен ауыратын жандардың санын кемітуге бағытталған шаралар белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері әр үшінші науқасқа 13 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Бұл туралы ақпаратты BNews.kz сайты береді.
Материалдық көмекпен құрт ауруына шалдыққан 442 жан қамтылған. Аталған қаржыны жан басына шаққанда, әрқайсысына 30 мың теңгеден жұмсалыпты. Дегенмен мұндай көлемді қаражат науқастардың кем-кетігін бүтіндеуге толық жеткілікті деуге келмейді. Өйткені облыста түбіркүлезбен ауыратындардың тұрғын үйлік жағдайын жақсартып беру мәселесі біржақты етіліп болған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік деңгейі төмен тұлғалардың ахуалы ақсап тұр. Мәселен, 18 дімкәс жан осындай көмекке аса мұқтаж екен.
Айта кетейік, өткен жылы республика бойынша 29 пәтер бөлінген болатын. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, облыста тұтынушылар құқығын қорғау қызметі мен түбіркүлезге қарсы қызметтің тіркеуінде 1065 отау тұр. Онда 2239 адам өмір сүруде. Оның 860-ы – балалар мен жасөспірімдер.
Жандос Жүсіпбек