Облыс әкімі Нұралы Садуақасов егіс алқаптарын аралады
Бүгін өңір басшысы Н.Садуақасов іссапармен Меңдіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарына барды. Әуелі Меңдіқара ауданына ат шалдырып, «Қалың Орман» ЖШС және «Қарқын Агрофирмасы» ЖШС иелігіндегі егіс алқаптарының жай-күйімен танысты. Биылғы егін егу науқаны аса жайлы болмағаны белгілі. Алайда облыс әкімі бұл жердегі егін шығымына тәуір деген баға беруге болатынын айтты.
Мұнан соң Н.Садуақасов Ұзынкөл ауданындағы «Киевское», «Ряжское» және «Тойсай» ЖШС-нің астық алқаптарында болды. Мұнда да шаруалардың маңдай тері мейлінше сіңгені аңғарылады. Әсіресе, «Ряжское» ЖШС танабындағы егін бітік өскен, биіктігі белуардан. Шаруашылық басшысы – Асқар Тоқбаевті облыс әкімі қолпаштап, қолын алды.
-Жалпы, бір сөзбен, биыл астықты өлкенің өнімсіз қалмасын нық сеніммен айтуға болады. Осы уақытқа дейін аралаған аудандардағы көрсеткіш көңілден шығып отыр. Сондықтан жақсы жорамал жасауға толық негіз бар. Ендігі басты міндет – орақ науқанына мықтап сайлану,-деді облыс әкімі.
Мұнан соң Н.Садуақасов Сарыкөл ауданының Тимирязев, Златоустовский ауылдарына соғып, бірнеше кәсіпорындар мен әлеуметтік, рухани нысандарда болды…
Өңір басшысының аталған аудандарға жасаған іссапары жайында толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Жандос Жүсіпбек