Халықтың талап-тілегі орындалды

Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның маңыздыларының бірі – ауыз су мәселесі болып табылады. Ибн Синаның «Ауру көбінесе ішкен астан, әсіресе, ауыз судан пайда болады» деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор.IMG_8224
Осы орайда «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы 2020 жылға дейін кіші қалалардың 100 пайызын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейді. Қолға алынған іргелі істерге қарап межелі міндетке де жететін күн алыс еместігін бағамдауға болады. Мысалға, Рудный қаласын алайық. Жыл санап экономикасымен бірге халқының саны да өскен өндірісті қалашықта соңғы онжылдықта жеке жер үйлерден құралған бірнеше шағын аудан бой көтерді. Оның тұрғындары бастапқыда суды сатып алып немесе тасып ішіп отырды. Алайда уақыт өте келе осы шағын аудандарды ауыз сумен қамту кезек күттірмес мәселеге айналды. Сондықтан былтыр мемлекеттік бағдарламаның арқасында қыруар қаржы бөлініп, кеншілер шаһарының 22-29 шағын аудандары, Железорудная стансасы, ФЗО кенті мен іргелес жатқан Юбилейное ауылын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары басталып кетті.IMG_8219
Біз ФЗО кентіне кірер жолда жұмыс істеп жатқан «АБЗ ПЛЮС» ЖШС-інің директоры Меңдібай Омаровқа жолығып, үшінші су көтерілім сорғысынан бастау алатын су тарату жүйесінің құрылысы қандай деңгецде жүргізіліп жатқандығын сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді.
-Еліміздің экономикасы жедел қарқынмен дамып, күш-қуаты артқан сайын халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар аударыла бастағаны да көзге көрініп тұр. Осыған дейін қаланың бірқатар аудандарында су тарату жүйелері жаңғыртылып, тұрғындар таза суға қол жеткізіп еді. Енді кезек Рудныйдың жанындағы елді мекендерге жетті. Негізінен біздің серіктестік ондаған жылдар бойы небір жобадағы үйлерді, мектептерді және де су қабылдау имараттары мен беру қондырғысы құрылысымен айналысып келеді. Мұндағы жұмыстардың жалпы құны 483,4 млн теңгені құрайды. Оның 200 млн теңгесін 2014 жылы игердік. Қазір қалған қаражатты жұмсап отырмыз.IMG_8222
Меңдібай Ерғалиұлының айтуынша құбырлардың жалпы ұзындығы 14 шақырым. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 10-ға тарта техника мен 30 адам жұмылдырылған.
-Жігіттердің қызметі қарқынды. Соның нәтижесінде кестеден алға шығып отырмыз. Межелеген уақытта жұмысты сапалы күйде тапсыратынымызға сенімдімін. Бұйыртса, негізгі жұмыстарды қазан айынан кешіктірмей аяқтап, қалған қосалқы жұмыстарды қарашадан қалдырмай аяқтауға бел буып отырмыз. Нысанды тапсыру мерзімі жоспарға сәйкес осы жылдың желтоқсанына дейін жоспарланған. Елді мекен тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді ойластырып отырмыз, – дейді Меңдібай Ерғалиұлы.IMG_8213
Жобаның жүзеге асырылуы Рудный қаласы әкімдігінің күнделікті бақылауында. Сондықтан «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмейтіні анық.
-Республикалық бюджеттен бөлініп отырған қаражат осы міндетті барлық техникалық талаптарға сай орындауға жетеді. Жұмысшылардың да жалақысы уақытында беріліп жатыр. Мердігер компанияның өкілдері атқарылған жұмыстар бойынша жеті сайын есеп беріп отырады, – дейді қала әкімінің коммуналдық сұрақтар бойынша орынбасары Серік Искуженов.
Бүгінде Юбилейное, Железорудная, ФЗО елді мекендері мен қаланың 22-29 шағын аудандарында 10 мыңға жуық адам тұрады. Тіршілік нәрін зарыға күткен ондағы халықтың қуанышында шек жоқ.
-Суды сатып алудан әбден азап шектік. «Ақбұлақтың» бар екенінен хабардармын. Бірақ та осы бағдарламаның арқасында қала халқын да ауыз сумен қамтуға болатынын білмеппін. Дегенмен, өте қуаныштымын. Менің ғана емес, осы шағын аудандарда тұратын барша тұрғындардың талап-тілегі орындалатынын естіп, бір-бірімізден сүйінші сұрап жүрміз, – деп ағынан жарылды 25-шағын ауданның тұрғыны Рүстем Ысқақов.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан жобалар әлеуметтік әл-ауқатын жақсартып, тіршілігіне қан жүгірткені сөзсіз. Әзірге бағдарламаның бірінші бесжылдығы аяқталуға жақын. Алда Елбасы қойған биік мақсаттар күтіп тұр. Ел аман, жұрт тынышта бұл діттеген мақсаттарға да қол жеткізетін күн де келеріне сенеміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓