«Қазақстан барысы» белгілі болды
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бесінші маусымы өз мәресіне жетті.
Астана қаласындағы додаға қатысқан қостанайлық қос алып – «Қара палуан» Ерлан Омаров пен «Ақ аю» Максим Гербер беташар белдесулерінде жеңіске жеткен болатын. Ерланға жеребе жолдас болды деп айта алмайсыз. Себебі, Алматы облысының намысын арқалап келген Қазыбек Рамазанов біздің Омаровтың «ежелгі» қарсыласы. Атақ дәрежесі мол. Биылғы ҚР чемпионатында да кездесті қос жігіт. Дегенмен «Қара палуан» бәсекені қоян-қолтық белдесуге дейін апарып, таза жеңіске жетті. Келесі айналымда Ерлан Омаров ШҚО палуаны Талған Әмреновті ұтып, ширек финалда белдесу құқығына ие болды. Бірақ бұл тұста жерлесіміздің осал жерін тапқан астаналық Ғани Сейділдаевтың аты озды.
Ал Максим алматылық Бақыт Ысмағұловты 2 минут 59 секундта таза әдіспен жеңген еді. «Қазақстан барысы» жарысында Бақытқа қарағанда тәжірибесі көп Максим Гербер белдесуді ширақ бастады. Ысмағұлов алғашқы минуттарда қарсыласын бүк әдісімен ұтып тұрса да, «Ақ аю» дегеніне жетті. Гербер келесі белдесуінде жеңіліп қалды.
2014 жылы "Қазақстан барысы" атанған Мұхит Тұрсынов екінші айналымда Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаевтан жеңіліп қалды. Жартылай финалдан үздік шыққан Бейбіт Ыстыбаев пен Руслан Әбдіразақов ақтық белдесуге жолдама алды. Жамбылдық Бейбіт араға үш жыл салып «Алтын белбеу» мен «Тайтұяқты» өз жеріне қайтарды. Атап өткен жөн, Бейбітке «Тайтұяқты» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды. Сондай-ақ жеңімпаз 150 мың АҚШ долларын қанжығасына байлады. Ал Жұманазар Ерсұлтановтан айласын асырған Ғани Сейділдаев "Қазақстан барысының" қола жүлдесін иеленді. «Жеңіске деген талпынысы» үшін қызылордалық Нұрым Сәлімгереевке автокөліктің кілті табыс етілді.
Қасқырбай Қойшыманов