100 нақты қадам – мемлекет тұтастығының кепілі
Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары бекітілген болатын. 100 нақты қадам – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап әрі көшбасшы отыз мемлекеттің қатарына ену бағдарламасы. Енді осы Жоспарды кезең-кезеңмен орындау мақсатында еліміздің заңды, тәртіпті қадағалаушы органдардың, прокуратура, сот жүйесінің жұмыстарын жетілдіру науқаны тұр.
Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде өңірдегі сот, прокуратура, ішкі істер департаменті басшылары Елбасы реформасын жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Бағдарламаның бір тармағы – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Осы бөлімді орындау үшін прокуратура органдары да өз алдына нақты жоспарлар қойып отыр.
– Азаматтық процестерде прокурорлардың қатыстырылуын қысқарту мәселесі қаралуда. 2012-2014 жылдары біздің өңірімізде сот өндірісінде прокурорлардың қатыстырылуы 58% азайды, – деді облыс прокуроры М.Қайбжанов.
Айта кету керек, Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз ету жағынан әлемдік рейтингте 65-орында (былтырғы жылы 71-орын) екен.
Ұлт жоспары еліміздегі сот жүйесін күшейтуге басым бағыт беріп отыр. Әсіресе, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшуден басталатын 12 қадам дәл осы төрелік жасау саласына арналып отыр. Қазіргі таңда республикамыздың Жоғарғы Сотына аталған қадамдар бойынша нақты жоспарларды орындау жүктелген. Бұл жөнінде облыстық соттың төрағасы Ғ.Мырзаке баяндады. Айтуынша, өңіріміздегі сот саласы бұл жағынан бірқатар жаңалықтар енгізіпті. Облысымыздағы сот залдарын аудио-бейне таспалармен қамту деңгейі 70% асады. Соның арқасында биыл 1,5 мың сот ісі аудио-бейне қадағалау жүйесі бойынша жүргізілген.
Сондай-ақ, Бағдарламада полиция қызметін жақсарту мәселесі де үлкен жолға қойылған. Қазір тұрғындардың арасында тәртіпті сақтап қана қоймай, қылмыстық істердің бетін ашуға белсене атсалысуы артып келеді. Тек жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарына қатысқан азаматтар 28 қылмыстың бетін ашуға қатысыпты. 53 адам миллион теңгеден астам ақшалай сыйақы алыпты. Ал алдын алу шараларының арқасында өңірдегі жол-көлік оқиғалары 21% азайған. Облыстық ІІД бастығы Т.Мәткенов мұнымен қоса, жақын күндері «Қылмыстық құқық бұзушылар картасы» интернет-порталы құрылатынын айтты. Азаматтар тәртіп бұзылған, қылмыс болған оқиғалардың суретін, бейне жазбасын онлайн түрде ғаламторға жүктей алады.
Т.Мәткенов сондай-ақ, Президент әкімшілігі мен Ішкі істер министрлігіне төмендегідей құрылымдарды жасақтау жөнінде ұсыныс жолдағанын жеткізді:
– Жергілікті полиция қызметін полицияның учаскелік инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар, әйелдерді зорлық-зомбылықтардан қорғау бөлімшелері, әкімшілік қамауға алынғандарды арнай ұстау орындары, тұрғылықты мекенжайы мен құжаттары жоқтарға арналған орындар, табиғат қорғау полициясы құратын болады. Бұл 651 штаттық бірлік.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ