Волейболдан ашық біріншілік өтті
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, оларға «Кедергісіз келешек» сыйлау – Елбасы жүктеген маңызды міндет. Осы міндетті табысты жүзеге асыруда Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамының атқарып жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай.
Демалыс күндері Қостанай, Жітіқара, Рудный мен Қарағандының қоғамдық бірлестіктері қатысқан волейболды отырып ойнаудан облыстық ашық біріншілік өтті. Жарысты Қостанай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырмасымен Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамы осымен екінші рет ұйымдастырып отыр.
– Біз отырып ойнау волейболын алғаш рет қолға алғанымызда небары 5-6 адам ғана жинай алдық. Қазір болса 3 команданы жасақтаудың өзі қиынға соқпайды. Яғни отырып ойнау волейболы кеншілер қаласында кең етек жайып, дамып келеді. Қамкөңіл жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде спортқа тартып, халықпен етене араластыру – біздің басты мақсатымыз, – дейді Рудныйлық ерікті мүгедектер қоғамының жетекшісі Санаш Есжанов.
Жарысқа қатысқан 9 команда екі күн бойы волейбол ойнап, жеңімпаз атануға барын салып жатты. Әрбір ойын өзіндік ұмытылмас сәттерге толы болды. Кеншілер қаласының намысын бұл жолы ерікті мүгедектер қоғамының жанында жасақталған 3 команда қорғап отыр. Жарыс қорытындысы бойынша қарағандылық волейболшылар оқ бойы озып, жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындар Рудный-1 және Рудный-2 командасына бұйырды. Марапаттау рәсімінде барлық ойыншылар алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ