ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ: алғашқы қадам
29 мамыр күні үш іргелі елдің – Қазақстанның, Беларусьтің және Ресейдің өмірінде, қала берді бүкіл дүниежүзілік қауымдастықта тарихи оқиға болды. Қазақ елінің сыннан өткен басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиырма жыл бұрын көтерген ерекше бастама – Еуразиялық одақ құру туралы идея жүзеге асты. Еуразияның жүрегі, қазақ елінің бас қаласы – Астанада үш мемлекет басшысы одақ құру туралы шартқа қол қойды. Бұл үрдісті енді Армения мен Қырғызстан да қолдап, сол одаққа мүше болғалы отыр, дүниежүзінің қырық шақты елі жаңа құрылымға қызығушылық танытуда. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бұл тарихи оқиға туралы айта келіп, «оған қол қою Еуразиялық кеңістікте интеграция дамуының сапалық жаңа кезеңінің бастауы» деген баға берді.
Расында да, Еуразиялық экономикалық одақ нарық ауқымын кеңейтеді, үш елдің бір-бірімен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланысын нығайтады, дамуға жаңа серпін, мол мүмкіндік береді.
Бұл туралы бүгіндер бүкіл әлем таныған экономистер мен қайраткер тұлғалар, мәдениет пен өнер қайраткерлері де айтып жатыр. Өйткені бұл одақ – адамның, мемлекеттің мүддесіне сай келеді, олардың ең бір көкейтесті мәселелерін ойдағыдай шешуге жол ашады.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕ: тарихи сәт: үш елдің Президенттері шартқа қол қойғаннан кейін. (Сурет «Интернеттен» алынды).