Еңбек пен достық мейрамы
Сабантой-татар халқының мың жылдық тарихы бар мерекесі. Оның негізгі мақсаты-еңбек пен достықты насихаттау. Ежелгі мейрамды Қостанайдағы «Дуслық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі 1997 жылдан бері атап өтеді. Биыл да көнеден жеткен дәстүрді жаңғыртып, қалалық жағажайда тойлады.
Ашық аспан астында өткен мәдени шараға облысымыздағы татар-башқұрт этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Рудный, Меңдіқара, Әулиекөл аудандарының өнерпаздары да бар. Елордасы Астанадан да келді. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рамиль Курамшин арнайы қатысып, татар этносының өкілдерін ұлттық мерекесімен құттықтады.
Дәстүр бойынша татар халқы бұл мерекені «жиын-терім мол болсын» деген ырыммен атап өткен. Сондықтан егіс жұмыстары аяқталысымен тойлайды. Сабантой сөзінің мағынасы, сабан-соқа, ал той-мереке дегенге саяды. Жерге дән сеуіп, бірлесе еңбек еткен көпшілік жиналып той тойлайды. Қарап отырсаңыз, Сабантой-еңбек пен достықтың жарқын үлісі.
-Сабантой -татар халқының ең сүйікті мейрамдарының бірі. Мереке барысында ұлттық жөн-жоралғылар, ән мен би, ұлттық ойындар ойналады. Мың жылдық тарихы бар мейрам бүгінде заманға сай жаңғырып, кеңінен аталып өтілуде,-деді «Дуслық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының жетекшісі Ринат Бектеміров.
Мерекеде қалалық жағажай шағын қалашықтың кейпіне енгендей. Жиналғандар самаурынға шай қойып, ат арбамен түрлі ойындар ойнатты. Балалар жағы қапты киіп жарысып, қыздар тобы би биледі. Ал жігіттер татарша күрестен бақ сынасты. Жеңімпазға қой сыйлады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.